$501.49 €525.71 ₽5.77
×

Шымкент тұрғындары суға түсіп, гүл теріп жүр

25.02.2025ж. 20:00
206
Шымкент тұрғындары суға түсіп, гүл теріп жүр

Су тасқыны десе денеміз дір етіп, сілкініп аламыз. Өткен жылғы оқиға қазақ елі үшін ұмытылмас, өте ауыр кезең болды. Содан кейін бе, жұрт жағдай тағы да қайталанбайды ма деп жаныұшырып жүр.

Бұл – жана ғана сырттан кіргізілген қар. Ал мынаны су деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл да ақ ұлпа болған. Мынадан айырмашылығы жылы жерге кіргізілгеніне 2 сағаттан асты. Көптің көкейін тескен түйіткіл осыған ұқсас. Қыс бойы тоқтаусыз жауған қардың соңы осындай суға айналып, тасқын қайталанбай ма? Желідегі жұрттың басым бөлігі дәл қазіргі уайымымыз – осы дейді.

КОММЕНТ:

- Арал теңізіне қарай неге канал қазбай жатыр? Оралда Шалқар көліне неге суды ағызбайды? Бізде шөлдеп қалған көлдер көп қой.
- Атырауға қарай жібереді десей тағы. Былтыр барлық жаман суларын жіберіп, Атырауды су басып еді.
- Былтыр да дайынбыз деген. Ешқандай дайындықсыз болып шықты.

Дәл қазір менің қолымда 30 мың теңге бар. Бұл өткен айдың айлығынан қалған соңғы ақша. «Қайта сенде қалыпты» деп отқан шығарсыз. Өзім де таңқалып отырмын. Өйткені айдан айға тапқанымызды жеткізу қиын бізге. Қаржымызды қысып ұстаймыз десек те, бірнеше күннен кейін қалтамызды сипап қалатынымыз бар. Осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандықтардың орташа жалақысы 434 982 теңгеге жетті деген хабар шықты. Содан бері желі жарылып жатыр. Ондай ақша қайда бар дегендер бұл мәліметті салған адамның жер-жебіріне жетіп, жан-жақтан жеп қойды. Астындағы пікірлерді көріп, өзім күліп алдым. Сіз де оқыңыз!

КОММЕНТ:

- Өтірік жібереді. Орташа жалақы 150 мыңнан аспайды. 434 мың теңге алатын болса халық қуанады ғой.
-. Қай жерде 400 мың? БҚО Бөкей орда ауылында тұрамын. Көп балалы анамын. Квартирада тұрамын. Коғамдық жұмыс істеймін. Айлық 80 мың. Сонда 400 мың кімдер алады?
- Ойбай, 400 мыңды қоя тұршы. Құдайдың 150 мың айлығымызды ала алмай отырмыз ғой. Қаңтардан, ақпанның жартысы кетті.

Иә, халық тапқанымыз тамақтан артылмайды деп жыларман. Оның үстіне қазір бәрі қымбаттап кетті. Арзан зат табу Евересті бағындырудан да қиын дейд тұрғындар. Әзілдің де шыны бар деген осы шығар. Айдың басында әріптестерім еттің бағасы туралы арнайы материал әзірледі. Тағы бағасы қымбаттайды деп министрлік жар салған еді. Онсызда арзан емес тағам түрі қай жерге дейін шарықтайды деп шарқ ұрды. Қазір тик-токты да, инстаграм, ютубты да ашсаң қызу талқыға ие болған осы тақырып.

КОММЕНТ:

- Малдың бәрін Өзбекстан сатып алып, әкетіп жатыр. Жақында қымбаттайды. Мал қалмайды жақында.
- Тауық етін жейміз ба енді?
- Қымбаттап болды ғой.

Мен -Түркістан облысының тумасымын. Ол жақта, өздеріңіз білесіздер көктем ерте шығады. Қаным әбден соған үйреніп қалған-ау. Көкте өсетін гүл аңсап, сағынып жүрмін. Әзірге іштегі бұл толқынысты осындай өтірік гүлді иіскеп басамын.

Оның үстіне мына видео алдымнан қайта-қайта шығып, «әттеген-ай» деп қалғаным бар. Сөйтсек, Шымкентте жаз басталып кетіпті. Гүлдің бүршік атқаны былай тұрсын. Балалар суға түсіп, шомылып жүр.

КОММЕНТ:

- Ертең өкпелеріңнен суық өтіп, қарқылдап жөтелесіңдер!
- Шымкент ұнайды маған. Біздің Қарағандыда қыз куртка киіп, шаршайсың қабаттанып.
- Шырайлы Шымкент. Көшеміз осы жаққа.