$498.69 €522.23 ₽5.79
×

Салық органдары қазақстандықтардың офшорға жасырған 1,4 млрд теңгесін тауып алды

AstanaTV
25.02.2025ж. 22:47
87
Салық органдары қазақстандықтардың офшорға жасырған 1,4 млрд теңгесін тауып алды
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан азаматтары 1,4 миллиард теңгесін офшорлық юрисдикцияларда ашылған шоттарда сақтап отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ЭЫДҰ-ға қатысушы елдер автоматты алмасудың бірыңғай стандарты (CRS) аясында жыл сайын жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ бенефициарлық меншік иелерінің шоттары туралы деректермен алмасады. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстан бюджетіне 5,4 млрд теңге түскен.

«Мемлекеттік кірістер комитеті шет елдердің салық органдарынан алынған ақпарат негізінде Қазақстанның 2 мыңнан астам резидентіне тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 1 602 қазақстандық 5,4 млрд теңге сомасына жеке табыс салығын төледі. Алынған кірістерден, соның ішінде дивиденд пен сыйақы түріндегі ең көп сома БАӘ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия елдеріне тиесілі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, МКК ақпаратынша, қазір қазақстандықтардың офшорлық юрисдикцияда ашылған банк шоттарында 1,4 млрд теңге жатыр. Ең көп сома Панама (1,2 млрд теңге), Вануату (0,2 млрд теңге) және Сан-Марино (0,1 млрд теңге) елдеріне тиесілі.

Комитет Қазақстан CRS аясындағы ынтымақтастық географиясын кеңейте беретінін атап өтті. Мәселен, 2021 жылы 51 юрисдикциямен деректер алмасса, 2024 жылы олардың саны 89-ға жеткен, соның ішінде 26-сы – офшорлық ел.