Мәжілісте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қаласы әкімінің 2025 жылғы 25 ақпандағы өкімімен ҚР Парламенті мәжілісі депутаты Руслан Арысбекұлы Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға ҚР Конституциясының 52 бабына , "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес Парламент мәжілісінің депутаты Руслан Арысбекұлы Берденовтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр, - дейді Асылбек Смағұлов.
Мәжіліс депутаттары аталған ұсыным бойынша қаулы қабылдады. Қаулы нәтижесінде 90 депутат жақтап, 2 депутат қалыс қалды. Бүкіл қатысып отырған депутат саны - 98.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Руслан Берденовке Парламент қабырғасындағы жұмысы үшін алғыс білдіріп, алғыс хат табыстады.
Бүгін қызметім өз мәресіне жетті. Сіздермен бірге елдің игілі үшін қаншама сұрақтарды көтеріп, қаншама күрестік. Сіздердің араларыңызда болғаным - үлкен мәртебе. Бәлкім елдің тарихындағы ең белсенді депутаттардың шақырылымы болды..., - дейді Берденов.
Ол Әйтеке бидің сөзін мысал етті.
Әйтеке би бабамыз айтқандай, "өмірім халқымдыкі, өлімім ғана өзімдікі". Сіздермен бірге әлі жұмыс істейміз. Көріскенше деймін, - дейді экс-депутат.