Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлттар лигасы жарысының екінші турында Армения командасынан жеңілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отандастарымыз бұл ойынды сырт алаңда өткізді. Армавирде болған матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Армения сапында 15 минутта Светлана Каразгезян гол соқса, 56 минутта пенальтиден Оксана Пизлова есепті еселеді.
Бұл Қазақстан құрамасының топтағы екінші ойыны. Алғашқы турда аруларымыз Люксембургпен тең ойнаған болатын.
С дивизионында өнер көрсететін қазақстандық арулар 3 топқа түскен еді. Бұл топта Армения, Люксембург, Лихтейнштейн және Қазақстан құрамасы бар. Жарыс нәтижесінде топта 1-орын алған команда В дивизионына жоғарылайды.