$501.28 €526.19 ₽5.86
×

Астанада аутизмі бар жастар даяшы не аспаз ретінде өздерін сынап көре алады

26.02.2025ж. 20:00
78
Астанада аутизмі бар жастар даяшы не аспаз ретінде өздерін сынап көре алады

Астанада аутизмі бар жастар даяшы не аспаз ретінде өздерін сынап көре алады. Биыл «Орда Аутизм» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен әлеуметтік дәмхана жұмысын бастады. Жаңа жоба аясында 18 жастан асқан аутизмге шалдыққан тұрғындар практикалық оқытудан өтеді. Алдағы уақытта олар аспаз не даяшы болып жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

ГУЗЭЛЬ ӘМІРХАНОВА, «ОРДА» АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАР АТА-АНАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСТІГІ» ҚБ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің қоғамдық бірлестігіміз 8 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір бесінші түзету орталығын ашып жатырмыз. Онда аутизмі бар балаларға түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. 18 жастан асса да, оларды назардан тыс қалдырмаймыз. Сол себепті дәмхана ашуды қолға алдық. Бұл жастардың қоғамға бейімделуіне септігін тигізеді.

Сондай-ақ мүгедектігі бар балалардың ата-анасына да қолдау көрсету аса маңызды. Осы орайда «Мама Про» қоғамдық қоры ата-аналарға психологиялық көмек беруден бөлек, бизнес бастаудың қыр-сырын үйретеді. Нәтижесінде 300-ге жуық адам бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

ӘСИЯ ТИКЕЕВА, «МАМА ПРО» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Науқас бала тәрбиелеу оңай емес. Олардың аналары өздеріне үйреншікті жұмыстан кетуге мәжбүр болады. Өйткені бар уақытын перзенттерінің жанында өткізеді. Сондықтан оларға үйден шықпай-ақ кәсіп жүргізіп, ақша табуға болатынын жеткізгіміз келеді. Идеяларын іске асыруға көмектесеміз.