Осыған дейін азық-түлік қымбаттағанын жарыса айтсақ, енді киім-кешектің де құны өсті. Бір жыл ішінде 10%-ға қымбаттаған. Әсіресе, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында баға жоғары. Ал Астанада қалай? Тілшіміз базарға барып келді.
АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
Мен дәл қазір Елордадағы далада орналасқан базардың біріндемін. Бұл жердегі киім-кешектің барлығы жаңа топтама. Мысалы күртешелердің әртүрлі модельдері бар, 15 мың тг-ден басталады.
Сондай-ақ ерлерге арналған күртешелер 10-35 мың тг арасында және спорттық шалбарлар 3500-1 0000 тг арасында. Жейделермен спорттық киімдердің бағасы 1 0000 тг-ден басталады.
Ерлер мен әйелдерге арналған шұлық 1000-2000тг арасында.
Ал іш киімдерің көтерме бағасы 1000-ден жоғары.
10 жасқа дейінгі балалар киімінің бағасы ересектердікімен бірдей. Мысалға мына жылы комбинезондар 15 000 тг-ден басталады
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Былтыр күртешені 12 мыңға алсам. Биыл 35-40 мыңға дейін көтерілген.
- Қымбат қазір бәрі. Детский біздікіндей қымбат. Мынаны 17 мыңға алып бердім.
Саудагерлер киім-кешектің қымбат екенін жасырмайды. Елімізде шығатын киім шетелдегі бағамен бірдей. Барлығы өзге мемлекеттен тасымалданады.
ЖҰПАР ТОҚТАСЫНОВА, САТУШЫ:
Киім-кешекті жиі Бішкектен алдырамыз. Кейде ақтамай да қалады. Қазір жол деген бар. Жолы қымбат Қытайдан товар әкелу үшін қанша ақша қосамыз үстінен.
Қазақстанға ең ірі киім жеткізуші елдер – Ресей, одан кейін Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан. Ал ТМД-ға кірмейтін мемлекеттерден – Қытай, Түркия және Бангладеш. Импортқа тәуелді болмас үшін құзырлы министрлік тарапынан кешенді шаралар қолға алынған.
ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ:
2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Онда жеңіл өнеркәсіптің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, шикізат базасын дамыту және шикізатты қайта өңдеу, мемлекеттік қолдау шаралары, саланы кадрлық қамтамасыз ету, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау жөніндегі шаралар, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін отандық өндірушілердің қуатын ұлғайту, инвестициялар тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту шаралары кіреді.
Отандық өндірушілер қазақстандықтарды киіммен толық қамтамасыз ете алмай келеді. Былтыр елімізде 600 мың дана ғана сырт киім тігілген. Ал импорт – 92 миллион. 2024 жылы республикаға 2 миллиард долларға 159 мың тонна тауар импортталды.