Ақтөбе облысы Байғанин аудандық мәслихат депутаты Болат Аяп әйелді ұрып-соқты деген күдікке ілікті. Қазір тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды KAZINFORM.
Ақтөбеде Жарлы ауылының тұрғыны Күнсұлу Намазбаева әлеуметтік желі арқылы өзін Болат Аяп ұрғанын, өміріне қауіп төнгенін айтып, көмек сұрады.
Хабарламадан соң полиция тергеуді бастады.
- Аталған дерек бойынша Байғанин ауданы полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабы бойынша іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Байғанин аудандық мәслихатының төрағасы Марғұлан Сержанның айтуынша, Болат Аяп №6 сайлау округінің депутаты.
- Депутат этикасы жөніндегі тұрақты комиссия бар. Бірақ оған әзірге мұндай мәселе түскен жоқ. Бұл оқиғаға қатысты полицияға арыз түскені рас. Полиция ақ-қарасын шығарады. Кінәлі деп танылса, қаралады. Жалпы осыған дейін өзге депутатқа қатысты шағым түсті. Тараптар татуласқан соң тұрақты комиссияда қаралмады, - деді Марғұлан Сержан.
Күдікке іліккен депутат Болат Аяп қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанын, өзінің қорғаушы жалдағанын айтты.
- Тергеу жүріп жатқан соң ештеңе айта алмаймын. Бүгін түске дейін тергеуде болдым. Қазір қан қысымым көтеріліп, ауырып отырмын. Жалған дүние екені көрінер. Адвокат жалдадым, - деді Болат Аяп.
https://kaz.inform.kz/news/aktobede-maslihat-deputati-ayeld-urip-sokti-degen-kudkke-lkt-a3a5d4/