Бүгін Мәжіліс кулуарында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде сиыр еті бойынша ешқандай тапшылық жоқ деп мәлімдеген. Алайда депутат Гүлдара Нұрымова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ет тапшылығынан өнімнің құны қолдан көтеріліп жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандықтар сауда орындарында сиыр етінің қымбаттағанын байқаған. Сатушылардың айтуынша, бағаның өсуіне сиыр етінің тапшылығы себеп болып отыр екен. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Мәжіліс кулуарында осы сұрақты Арман Шаққалиевке қойған едік. Министр мұндай проблема жоқ дейді.
«Қазіргі таңда ешқандай тапшылық жоқ. Бір кездері баға индексі өскенін байқадық. Себебі, көрші елдерден, Өзбекстаннан, Ресейден сиыр етіне сұраныс жоғары болды. Ал қазір мұндай сұраныс жоқ. Оның үстіне бізде экспортқа шығару үшін квота болған. Бұл квота жүз пайыз игерілді. Қазір біз өз нарығымызды қамтамасыз ету үшін Өзбекстанға сиыр етін шығармаймыз», - деп жауап берді сауда министрі.
Оның айтуынша, қазір ет бағасы 2700-3000 теңге аралығында. Бұл нарықтың бағасы.
Алайда мәжіліс депутаттары елімізде ет тапшылығы жоқ деп сендірген шенеуніктің сөзімен келіспейді.
«Депутаттық сауалға азаматтардың өтініштері себеп болды. Қазіргі таңда Қазақстаннан мал шетелге, әсіресе көрші Қырғызстанға заңсыз шығарылып жатыр. Өйткені ол жақта ет бағасы жоғары. Сонымен қатар, бүгінде елімізде де ет бағасының өскені байқалуда. Заңда белгіленген шектеулерге қарамастан, тірі малдың заңсыз шығарылу фактілері аз емес. Мысалы, Қырғызстан шекарасында Қордай ауданынан 308 бас ірі қара малды заңсыз шығарған азамат ұсталған. Осындай оқиғалар басқа жерлерде де кездеседі», - дейді Гүлдара Нұрымова депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, мал басының азаюы ішкі нарықта ет тапшылығын туындатып, оның құнын жасанды түрде көтеріп, халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етіп жатыр. Осылай жалғасатын болса, елдегі ет өнімдерінің қолжетімділігі төмендеп, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін. Ал отандық ет өңдеу кәсіпорындары шикізат тапшылығына тап болады, деп алаңдады депутат.