Қазақстан әскерге шақырылғандарға онлайн несие беруді шектемек. Әскери прокуратура мәліметінше, бұл бастама құмар ойынға тәуелділік пен басқа да пайдакүнемдік ниетпен байланысты қылмыстардың қаупін азайтуға көмектеседі. Бұл туралы Информбюро хабарлайды.
Сондай-ақ 2024 жылы 200-ден астам мерзімді әскери қызметші денсаулығына байланысты қызметтен босатылғаны белгілі болды.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлердің туыстарына арналған жаңа мобильді қосымша туралы сөз қозғады.
“Бұл мобильді қосымша барлық телефондарда, IOS пен Android жүйесінде де жұмыс істейді. Бұл ата-ананың әскери бөлімдерге кері байланыс жасауына арналған. Ата-ана мен туыстар кез келген уақытта командирмен, тәрбиешімен сөйлесе алады. Баласы жауынгерлік дайындықтан босаған уақытта байланыса алады”, – дейді Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев.
Қосымшаны әскери ғылыми взводтың мерзімді әскери қызметшілері жасаған. Оның көмегімен сарбаздардың туыстары медициналық тексеруден өту, тамақтану жағдайы және қызметтің басқа да аспектілері туралы ақпарат ала алады. Мобильді қосымша биыл жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Ұлттық ұлан ата-аналарға қазақстандық әскерде "әлімжеттік” жоғын айтты.
“Жасы үлкендердің әскерге шақырылуы оның кішілерден артықшылығын білдіреді деген түсініктер бар. Дегенмен әскерде мұндай нәрсе жоқ деп сеніммен айта аламын. Иә, кез келген дәрежедегі әскери қызметшілер арасында әскери қызмет шарттарына қатысы жоқ тұлға аралық қақтығыстар болуы мүмкін”, – дейді Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Нұрбай Бектұрсынов.