Елдімекендерді сел мен су тасқынынан қорғауға арналған нысандар тиісті бақылаудан тыс қалған.Тексерулер тек атүсті жүргізіліп, ал жөндеу жұмыстары кейінге шегерілген. Сенатор Андрей Лукин гидротехникалық нысандарды тексеру сапасыз атқарылып отыр деп ашынды. Соңғы үш жылда жөндеу жұмыстарына 729 нысан енгізілгенмен, іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Сондықтан депутат тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен барлық гидротехникалық құрылыстарды толық тексеру керек деді.
АНДРЕЙ ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ;
Жаңа нысандарды жобалау мен салу барысында да заң бұзу деректері анықталған. Үлкен Алматы өзенінің бассейніндегі сел бөгетін салу кезінде аймақтағы тектоникалық жарықтардың бар екені ескерілмеген. Сонымен қатар, бас мердігер жұмыстардың 95 пайызын қосалқы мердігерге берген, бұл заңнамаға қайшы. Тексеру нәтижесінде жоба бойынша орындалмаған жұмыстардың құны 2,2 миллиард теңгені құрағаны анықталды.