Тұңғыштар мекені Тобыл-Торғайда 99 жастағы тыл ардагері тұрады. Ғайникамал Тәткенова - аймаққа алғаш келген кабинасыз шағын тракторды тізгіндеген жан. Соғыс жылдарында тынбай тер төгіп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Ғасыр жасаған кейуана жас ұрпақпен кездесіп, өскелең буынға өсиетін айтты. Ал шәкірттер қарт анаға шексіз алғыс білдірді.
Қос дәуірдің куәгері, тыл ардагері әлі тың. Ғасыр жасаған ғазиз жанның ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге. Ғайникамал әже сонау сұрапыл соғыс жылдары трактор тізгіндеп, жеңіс күні жеткенше қырда тер төккен. Еңбек пен білім ғана адамды еңселі етеді.Жас ұрпақ білімді,еңбекқор, абыройлы болсын деп ақ батасын берді көпті көрген көнекөз.
ҒАЙНИКАМАЛ ТӘТКЕНОВА, ТЫЛ АРДАГЕРІ:
Жастарға ақылды,білімді, абыройлы болуын тілеймін.Алға ұмтылу керек.Теріс сөзді ұқпау керек.Дұрыс сөзді миға қондыру керек.Өзі ілгері басып,өзінің ойлаған мақсатына жету керек адам.
Ғибратты кездесу Алғыс күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.Ғасыр жасаған Ғайникамал Тәткенованың өмірі өрендерге өнеге.Ал үлкенге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың ұлы міндеті.Бүгінгі іс-шараның негізгі межесі де сол.
ГҮЛСЕЗІМ ҚУАНЫШБАЕВА, МҰҒАЛІМ:
Осындай кісілерден үлгі-өнеге алсын, осы кісілердің жолын қусын деген ниетпен ұйымдастырып тұрамыз.Бүгінгі іс-шараның да мақсаты сол.Үлкендерді қадірлеп, құрметтеп, сыйлауға бағытталған іс-шараның бірі десек болады.
Қаладағы нөмірі жиырма сегізінші мектеп-гимназия оқушылары еңбек адамының өмірбаянын өрбітіп, тыл ардагерінің тынымсыз ғұмырынан сыр шертті. Асыл әжеге ән арнап, күй шертті. Алғысына кенелді.
АЙАРУ ШАЙМЕРДЕН, ОҚУШЫ:
Ол кісі еңбекқор.Парасатты.Ақылды адам.Әженің көптеген жетістіктері бар.Әже жас кезінен тракторшы болған.Біз осы әже сияқты басқа да әжелерді қадірлеп, құрметтеуіміз қажет.
Алтын құрсақ ана он балаға тағылымды тәрбие беріп, қатарынан қалдырған жоқ.Ұл-қызы түгел іргелі оқу орындарын тәмамдап, еліне елеулі қызмет етті.Қазір оның үлкен баласы 78 жаста, кенжесі алпыста.