"Қорқудың керегі жоқ". Қосымша құн салығын көтеруге қатысты Мәжілісте өткен талқылауда сарапшылар осылай деді. Себебі, құн салығының көтерілуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына әсер етпейді. Үкімет есепке қою шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету арқылы, салық төлейтін кәсіпкерлер санын 300 мыңға артыруды көздеп отыр.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Қазір елде 2400000 кәсіпкер бар. Бірақ соның 400-дейі ғана салық төлейді. Мамандар бұған салық саясатындағы салғырттық себеп дейді. Тиімсіз жүйе салдарынан бюджетке түсетін қаржы жыл сайын төмендеп жатыр.
Былтыр жиналған салық мөлшері алдыңғы жылдан бес есе аз. Экономикаға салынған жеке инвестицияның өсімі 1,7 пайыз. Ал алдыңғы жылдары кемінде 10 пайыздан асатын. Инвестиция болмаса, болашақ жоқ. Сол үшін жауаптылар салық мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеріп, есепке қою шегін 15 млнға төмендетуді ұсынып отыр.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бүгінгі таңда кәсіпорындардың тек 4%-ы қосылған құн салығын төлейді. Көптеген компания салық салуды болдырмау үшін бизнесті жасанды түрде бөлшектейді. Бұл салық жүйесін бұзады және ҚҚС-ты қалыпты есепке жатқызуға кедергі келтіреді. Сондықтан есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады. Шығындарды бөлшектеу құны бөлшектеуден түсетін пайдадан асып түсетін жағдайлар жасалады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер қосымша құн салығынан босатылады. 10 пайыздық жеңілдік денсаулық сақтау саласына беріледі. Бұл тізім жаңартылуы мүмкін. Талқылаулар нәтижесінде кейбір қызмет түрлері қосылады. Сондай-ақ, азық-түлік, құрылыс материалдарын сататын дүкендер құн салығын төлемейді. Жылдық айналымы 2 млрд теңге болса да, жеке кәсіпкер ретінде 4 пайыз салық төлеуге міндетті.
БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Үкіметтің ойы бойынша, құн салығын көбейту мен шекті мәнді төмендету арқылы 300 мыңға тарта кәсіпкерді есепке қоюға болады. Бұл дұрыс. Себебі, қазір 130 мың ғана кәсіпкер құн салығын төлейді.
Бюджетке түсетін кіріс пен шығыс сәйкес келмейді. Мамандар бұлай жалғаса берсе 5 жылда қарызымыз көбейіп, қазына күйреуі мүмкін дейді.
ЕКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ақшаның сәйкестігі жоқ. Сондықтан бізде инфляция өсіп жатыр. Сондықтан біздің күнделікті алып жүрген товарларымыздың құны өсіп жатыр. Енді не істеу керек? Біздің шығындарды толығымен салықпен жабу керек. Ұлттық қордан алмауға тырысу керек.
ҚҚС көтерілсе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қымбаттамайды. Жауаптылар осылай дейді. Сондай-ақ, құн салығын көтеру арқылы отандық тауар өндірушілерге жағдай жасалады. Сол арқылы кәсіпкерлер арасында тең бәсекелестік орнатпақ.