$503.15 €543.3 ₽5.93
×

Отандық ғалымдар донорлық ағзаларды ұзақ мерзім сақтайтын құрылғы әзірледі

27.02.2025ж. 20:00
134
Отандық ғалымдар донорлық ағзаларды ұзақ мерзім сақтайтын құрылғы әзірледі

Қазақстандық ғалымдар донорлық ағзаларды ұзақ мерзім сақтайтын құрылғы әзірледі. Бұл отандық трансплантология саласының дамуына жол ашпақ. Биыл елде донорлық жүректі алмастыру бойынша 100-ші операция өтті.

36 жастағы Гүлмира Смайылова жүрегінде ақауы барын осыдан 15 жыл бұрын білді. Дәрігерлер «трансплантация жасау қажет» деп бірден кесіп айтты. Бірақ ол кезде Қазақстанда жүрек алмастыру жайлы сөз қозғаудың өзі ерте еді. Амал жоқ, науқастың 3,5 жыл бойы аппаратпен, яғни, жасанды жүрекпен өмір сүруіне тура келді. Ал көп ұзамай елде алғаш рет донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. Гүлмира да өз кезегіне жетіп, ота жасатуға мүмкіндік алды. Оған ақтөбелік ер адам донор болды.

ГҮЛМИРА СМАЙЫЛОВА, РЕЦИПИЕНТ:

Бір өліп, бір тірілгеннен кейін қалған өміріңді барынша жақсырақ, пайдалырақ сүру керек. Донорымды ойлаймын, туыстарды. Олар да осы бір шешімдерінің қате болмағанын білсе екен деген сияқты іште бір сондай ой болып, барынша жақсырақ өмір сүрудемін.

Елде тұңғыш рет жүрек трансплантациясы 13 жыл бұрын жасалды. Биыл ақпан айында 100-ші ота сәтті өтті. Операцияның алғашқысын да, әзірге, соңғысын да білікті кардиохирург Юрий Пя жасады.

ЮРИЙ ПЯ, UNIVERSITY MEDICAL CENTER БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ, КАРДИОХИРУРГ:

Әрине, 13 жылда 100 операция деген аса көп емес шығар. Бірақ әрбір операция – науқастардың ерекше тарихы. Бұл донордың туыстарының жанқиярлық шешімі. Пациенттерді құтқару үшін жұмылған жүздеген адамның еңбегі. Бүгінде Қазақстан ағза донорлығы және трансплантология саласында маңызды кезеңнен өтті.

Қазақстандық ғалымдар донорлық ағзаларды ұзақ мерзім сақтауға және тасымалдауға арналған ALEM инновациялық құрылғысын ойлап шығарды. Бұл отандық медицинаның бір орында тұрмағандығының тағы бір дәлелі. 5 жыл бойы әзірленген құрылғыны биылдан бастап қолдануға мүмкіндік бар.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бүгінде медицина саласына бөлініп жатқан қаржы соңғы 3-4 жылдың ішінде бірнеше есе өскенін жақсы білесіздер. Сондықтан Қазақстанда жасалып жатқан операциялар тек Орталық Азияда емес, СНГ мемлекеттерінің арасында да жетекші орындарда деп айтуға болады.

Дегенмен, мәйіттік донор әлі де жетілдіруді талап етеді. Қазір елде жүрек трансплантациясын 142 науқас күтіп отыр, оның бесеуі – бала.