Әлемді құшағына сыйғыза білген қазақтың қара домбырасы ел ішінде сыймай жүр. Дәлірек, ұшаққа кіргізу азаптың азабына айналды. Әлеуметтік желіге Мақпал Жүнісованың аспабын аспанға алып бара алмағанын жариялаған еді. Бұған дейін де біраз жұлдыз осы мәселені көтерген. Халқымызды күллі әлемге танытқан аспаптың неге жер мен көкке сыймай жатқаны белгісіз. Даудың басы басылмады, әйтеуір. Жұрт та жыларман болып отыр.
КОММЕНТ:
- Елімізде тұрып, өз аспабымызды алып жүре алмасақ, несіне қазақ болып жүрміз?
- Ит те, мысық та, бәрі міегенде қазақтың домбырасын қоймады ғой. Одан да шынын айта салмай ма, біздің қалтамызға ақша түсу керек, билет алу керек деп.
- Масқара! Масқара ғой. Домбыраның киесі ұрады.
Қазақта «Атың жаман болса, қырың кетер, балаң жаман болса, арың кетер» деген мақал бар. Соңғы кезде осы сөздің мағынасын терең түсіне бастадық. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «жасөспірім біреуді ұрып кетті, соғып кетті» деген жаңалықтан көз ашпаймыз. Мәселенің тамыры тең жайылғаны сонша, психологтар «жауыз баладан қалай құтыламыз?» деген тренинг өткізіп бастапты. Масқара ғой. Жүрегімізді ауыртып, жанымызды жеп бара жатқан түйіткілдің қашан ушығып кеткенін өзіміз де байқамай қалдық. Бірінен кейін бірі болып жатқан балалар арасындағы қылмыс елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Мына бір пікірге назар аударайықшы. «Әділет жоқ. Менің қызымды ұрды. Бірақ ақшасы барлар құтылды. Ақшасы жоқ қамалды. Менің қызым таяқ жеген. Бас сүйегі жарылған. Ұрғандар үлкен».
Бұл бір мысал ғана. Іштен тынып, өкінішін өксік қылғандар қаншама?!
КОММЕНТ:
- Неге сонша ма жауыздық. Шыңғырып жатса да. Мақұл жазаланады. Бірақ анау бала жүрегі жарылып кетердей болып жүрген шығар. Ұйқтай алмай. Көз алдында бәрі...
- Жазаларын алсын бәрі.
Лифтіге мінуге де қорқып қалдық. Бүкіл сұмдық құдды бір сол жерде болатындай. Әр пайдаланаған сайын жүрегіміз аузымызға тығылып, дүрсілі әрең басылады. Арам пиғылдылар ойына келгенді осы жерде істейтін болды. Соңғы айда ондай жағдайдың түр-түрін көрдік. Мына бір мысал. Әйелдің түріне қарасаң жас адамға ұқсамайды. Өткенде тағы бір күдікті егде жастағы қарияны ұрып-соққаны есте. Балаға тиісетіндер де аз емес. Қысқасы, әлі келетіннің бәрін жан-жақтан жалмап барады.
КОММЕНТ:
- Құдай сақтасын, адамдар не боп барады?
- Еркектерді дұрыс тәрбиелеу керек. Әйелді де, қыздарды да, кішкентай сәбиді де, ұл балаларды да зорлап, қорлайтын, жауыздыққа баратын – еркектер.
- Лифт туралы видео көрсек қорқа бастайтын болдық. Тағы не болады деп. Құдай сақтаған екен ана қызды.
Құрметті көрермен, бүгінге айтарым осы. Жауыздық жойылсын! Өйткені, әлемді тек мейірім құтқарады.