Жүктілік және босануға қатысты асыра төлем алған 113 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Светлана Жақыпова айтты, - деп жазды KAZINFORM.
— 2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 958 млрд теңге сомасына 1,4 млн азаматқа төлемдер жүргізілді. 15 өңірде жүйеге қатысушыларға төленетін төлемдер көлемі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік аударымдар түсімінен асып түсті. Тек бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеулер жоқ — бұл жүктілік және босануға қатысты төлемдер. Сондықтан жекелеген азаматтар жасанды түрде ұлғайтылған төлем мөлшерін алу үшін заңнамадағы олқылықтарды іздестіруде. Бұл осы жүйеге адал қатысушылардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соғады, — деді министр.
Оның дерегінше, қазіргі уақытта 113 алушыға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Олардың келтірген залал сомасы 158,4 млн теңгені құрады. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мыңға жуық алушы өз еркімен табысының жасанды өсірілгенін растады. Осылайша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтері 3,4 млрд теңге сомасында сақталды.
— Министрлік заңнамалық бастамалар топтамасын әзірледі. Оларды іске асыру алдағы 10 жылға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді, — деді Светлана Жақыпова.