Қазақстанда 25.02.2025 жылы мыңға жуық отбасы некелерін ресми түрде тіркеді. Статистикаға сүйенсек, бұл орташа көрсеткіштен екі есе көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Азаматтарға арналған үкімет» баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 ақпанда республиканың АХАЖ бөлімдерінде ресми түрде некеге отырудан «бум» болды. Абсолюттік рекордты Алматы, Астана қалалары және Қостанай облысы белгіледі.
«Той саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Қостанай облысында тіркелді. Ал Ұлытау, Жамбыл және Қызылорда облыстарында бұл көрсеткіш айтарлық төмен болды», - делінген хабарламада.
Бұл ретте мемлекеттік корпорация Қазақстанда қалыпты күндері 500-ге жуық неке тіркелетінін атап өтті.
2024 жылы Қазақстанда АХАЖ органдарымен барлығы 125 544 неке тіркелген. Тіркеулердің ең көп саны шілде айында болды – 13 257; ең азы – мамыр, наурыз және қараша айларында – 8 мыңға жуық неке.