Алматыға кіретін автокөліктер ақы төлесе ғана кіре алатын болады. Қала билігі бұл бастама жол қозғалысын жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартады деп отыр. Бұл туралы Jibek Joly арнасының жаңалықтарында айтылды.
Алдағы жазда қала орталығындағы автотұрақ бағасы да қымбаттайды. Бұл шара қаншалықты тиімді болмақ, және қала тұрғындары бұған не дейді?
Ресми дерекке сәйкес, күн сайын Алматыға қала сыртынан 250 мыңға жуық автокөлік кіреді. Бұл кептеліс, ауа ластануы және автотұрақ тапшылығына әкеліп соғады. Мәселені шешу үшін билік экологиялық стандарттарға сай емес көліктер үшін қалаға кіруді ақылы етуді ұсынып отыр.
— Біріншіден, біз автотұрақ бағасын едәуір көтереміз. Бұл әлемнің ірі қалаларында кеңінен қолданылатын тәжірибе. 2027 жылдан бастап алғашқы шектеулер енгізіле бастайды, бірақ олар төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, егер көлік Алматыда тіркелгенімен, экологиялық стандарттарға сай келмесе, онда кейбір аймақтарға, атап айтқанда, Шығыс айналма жолына шығыс жағынан кіру ақылы болуы мүмкін, — дейді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Мұндай жүйе басқа елдерде, мысалы, Лондонда бар. Ол жерде қала үш аймаққа бөлініп, экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктер үшін белгілі бір жерлерге кіру ақылы етілген.
— Жасыл аймаққа еркін кіруге және автокөлікті тұраққа қоюға болады. Сары аймаққа кіру үшін шамамен 20 фунт стерлинг төлеу қажет. Ал қызыл аймақ қаланың ең орталығы, оған кіру үшін 40 фунт стерлинг төлеу керек, — дейді автоэксперт Арсен Шакуов.
Айта кетейік, электромобильдер мен экологиялық таза көліктерге еш шектеу болмайды. Сондай-ақ, биылғы күзде интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылып, қалаға кіруді қадағалау механизмі енгізіледі.
— Бұл тәжірибені қолдануға болады, әсіресе, оны бірден емес, бір-екі жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отырғанын ескерсек. Осы уақыт аралығында Қаскелең, Талғар және Қонаев бағыттарында көлік-ауыстырып отыру тораптары салынатын болады, — дейді автоэксперт Арсен Шакуов.
Қабылданған шаралар көлік қозғалысын жеңілдетіп, экологияны жақсартуға бағытталған, бірақ олардың тиімділігі уақыт еншісінде және тұрғындардың бейімделуіне байланысты.