Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында алғаш рет бауыр ісігіне лапароскопиялық әдіспен ота жасалды. Күрделі операция барысында тумасынан бауыр-өт жүйесінде ақауы бар екі жасар бүлдіршіннің бауырынан киста алынды, - деп жазды KAZINFORM.
Кішкентай пациент ауыр халде қалалық балалар клиникалық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Науқасқа 24 ақпан күні алдын ала клиникалық-лабораториялық зерттеулер жүргізілді.
- Балада киста холедоха диагнозы расталып, операция жасалды. Отаны балалар ауруханасының балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Бердалы Сүлейменов пен Алматы қалалық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы басшысының орынбасары, хирург Константин Хаиров бірлесе жасады. Ота сәтті өтіп, науқас отадан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатыр, - делінген Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.