$501.49 €525.71 ₽5.77
×

WhatsApp желісінде балағат сөздер айтқан әйел жазаланды

AstanaTV
28.02.2025ж. 09:50
84
WhatsApp желісінде балағат сөздер айтқан әйел жазаланды
Фото: depositphotos.com

2024 жылғы 8 қыркүйек пен 20 қазан аралығында сотталушы К. "WhatsApp" мобильді қосымшасы арқылы М.-ға мәтіндік және аудио хабарламалар жіберген, онда бейәдеп сөздер айтып, соңғысын әдепсіз түрде қорлап, осылайша оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жеке айыптаушы М. айыптауды қолдап, санкция аясында жаза тағайындауды сұрады.

Сондай-ақ, жеке айыптаушы сотталушы К.-дан моральдық зиянды өтеу есебіне 150 000 теңге, өкілдік шығыстарына 250 000 теңге мөлшерінде, сондай-ақ психологиялық-филологиялық сараптама жүргізуге 130 000 теңге мөлшерінде іс жүргізу шығындарын өндіріп алуды сұрады.

ҚК 131-бабы 1-бөлігінің санкциясы 100 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны көздейді.

Сот сотталушының шын жүректен өкінуін және оның жас баласының болуын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот К.-ны ҚК 131-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 20 АЕК мөлшерінде (73 840 теңге сомасында) айыппұл түрінде жаза тағайындады.

Сондай-ақ сотталған К.-дан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу есебіне 100 000 теңге, өкілдік шығыстарына 250 000 теңге, сараптама жүргізуге 130 000 теңге мөлшерінде шығыстар өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.