Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты адам ағзаларын заңсыз сатып алу және сату ісімен айналысқан азаматқа үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2023 жылдың күзінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері елдің бірнеше өңірінде арнайы жедел тергеу жүргізді. Нәтижесінде, қара нарықта адам ағзаларын сатумен айналысқан топ ұсталды. Олардың арасында донор іздеушілер ғана емес, медицина қызметкерлері мен нотариустар да болған. Алайда ұсталған күдіктілердің ішінде тек екі адам ғана сотқа тартылып, олар шартты жазаға кесілді.
Бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан Ислам Ұзақбай 2021 жылы Түркияда бүйрек трансплантациясын жасатқан. Алматыдағы медициналық орталықта ем қабылдап жүрген кезде, ол науқастарға донор тауып беру арқылы ақша табуға болатындығын ойлаған. Бұл істі жалғыз өзі жүзеге асыра алмайтынын түсінген соң, тергеуде анықталмаған "Айман" есімді адаммен байланысқа шыққан.
Ұзақбай гемодиализ кезінде бүйрек трансплантациясына мұқтаж науқаспен танысып, оған донор табуға көмектесетінін айтып, 10 миллион теңге талап еткен. Бастапқыда жігіт бұл ұсынысты қабылдамағанымен, Ұзақбай оған жиі хабарласып, сеніміне кірген. Науқастың жағдайы нашарлаған соң, оның туыстары трансплантация жасауға келісім береді. Ұзақбай операцияны ресми түрде квота арқылы жасауға уәде беріп, 10 миллион теңге сұратқан.
Осы уақытта "Айман" есімді әйел интернет арқылы Астанада бүйрегін 8 миллион теңгеге сатуға келіскен адамды тапқан. Ол донорға Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында операция жасатуға уәде берген. Тексеруден кейін операция сәтті өткен, алайда Ұзақбай науқастан донорға тағы 10 миллион теңге төлеуді талап еткен. Осылайша, алғашқы клиент жалпы 20 миллион теңге төлеген.
Бұл істің тиімді екенін түсінген Ұзақбай тағы бір науқас пен донор тауып, Ұлттық ғылыми хирургия орталығында операция жасатуды жоспарлап жатқанда ұсталған. Сот шешімі бойынша, ол 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бүйрегін сатпақ болған донор да кінәлі деп танылып, 2 жылға шартты жазаға кесілді.