$499.22 €519.14 ₽5.64
×

Техаста қызылша жұқтырған науқастар саны 120-дан асты

28.02.2025ж. 20:00
82
Техаста қызылша жұқтырған науқастар саны 120-дан асты

Техастың батысында қызылша жұқтырған науқастар саны 120-дан асты. Екпе алмаған 1 жеткіншек көз жұмды. 18 адам ауруханада ем алып жатыр. АҚШ-та қызылшадан болған өлім-жітім соңғы рет осыдан 10 жыл бұрын тіркелген. Жұқпалы ауру сондай-ақ Нью-Мексико штатында өршіп тұр. Дертке шалдыққандардың дені – 5 жастан 17 жасқа дейінгі бала. Дәрігерлер "науқастардың саны әлі де артады" деп болжайды. Жергілікті билік аурудың алдын алу үшін аймақтарда тегін вакцинация орталықтарын құрып жатыр.

ЛАРА ДЖОНСОН, ДӘРІГЕР:

Дерттің ушыға түсетініне сенімдімін. Себебі Техас штатында екпе алмаған азаматтар көп. Бұл аурудың белгілері бірден байқалмайды және вирус ауада екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Қызылша - біз білетін ең жұқпалы вирус.

Жапонияның солтүстік-шығысында орман өртеніп жатыр. Салдарынан 1 адам көз жұмды. Қызыл жалын Офунато қаласының аймағында басталған. Тілсіз жаудың кесірінен 600 гектар жер күлге айналды. 80-нен астам үй бүлініп, 500 шаңырақ жарықсыз қалды. Сондай-ақ 2 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Ал Грузия қалың қар құрсауында қалды. Қолайсыз ауа райы өткен аптадан бері жалғасып келеді. Ақ ұлпаның биіктігі екі метрге дейін жеткен. Салдарынан көлік қозғалысы шектелді. Жұмысын уақытша тоқтатқан білім ұйымдары 4 наурызда ашылады.

ИРАКЛИЙ КОБАХИДЗЕ, ГРУЗИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазір, әсіресе, Гурия, Аджария мен Имеретия шаһарларында жағдай мәз емес. Дегенмен, қол қусырып отырғанымыз жоқ. Қазір үй-жайлардың 70 пайызы электр жарығымен қамтылды.

Жағымды жаңалықтарға ойысайық. Қасиетті Рамазан айына исі мұсылман қауымы ғана емес, Ұлыбритания королі де қызу дайындалып жатыр. Үшінші Чарльз патшайым Камилламен бірге Лондондағы Карнаби көшесіне қойылатын қайырымдылық қорапшаларын жинап, сауапты іс атқарды. Қорап ішіндегі құрмалар мереке кезінде ауруханаларға таратылады.