$499.22 €519.14 ₽5.64
×

Атырауда ана мен бала өлімін азайту мәселесі талқыланды

28.02.2025ж. 20:00
83
Атырауда ана мен бала өлімін азайту  мәселесі талқыланды

Елімізде былтыр 2598 шақалақ жарық дүние есігін аша сала шетінеп кетті. 37 ана босану үстінде жан тапсырды. Мамандар өткен жылдармен салыстырғанда ана мен бала өлімі азайса да, әлі де назар аударатын мәселе көп деп отыр. Олардың бірқатарын бүгін Мәжіліс депутаттары мен Қоғамдық палата мүшелері Атырауда көшпелі жиында талқылады. Алдымен аймақтағы перинаталдық орталық, облыстық балалар ауруханасы мен қалалық перзентханаға барды. Мамандармен тілдесті. Техникалық жабдықталуымен танысты. Өңірге тағы бір перинаталдық орталық пен қалалық балалар ауруханасы қажет.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ :

Жаңа перинаталдық үлкен орталықтың қажеттілігі туралы мәселе туындады. Қазір әрине ПЗД құжаттары жасалып жатыр дейді. Ол құжаттардың қаншалықты жедел жасалатыны да үлкен сұрақ туғызады. Себебі ол жердегі ана мен баланың денсаулығы бірінші кезектегі мәселе. Бұл бір екінші облыстық балалар ауруханасына келіп тұрмыз. Қалалық жоқ. өкінішке орай бұл біз айтуымыз керек, жасырамуымыз керек ақиқат ақпарат. Себебі стандартқа сәйкес, Атырау қаласының ауқымын ескеретін болсақ, бұл жерге қалалық балалар ауруханасы қажет.

 Көшпелі жиында ана өлімі Ақтөбе, Қостанай, Жетісу және Ұлытау облыстарында көбейгені айтылды. Әсіресе, көпбалалы аналардың өлім-жітімі белең алып барады. Перзентханада орын жетіспеуі, акушер мамандардың аздығы, жасөспірімдер жүктілігі қозғалды. Жүктіліктің алғашқы аптасында түсік тастауға арналған препараттардың дәріханаларда рецептісіз сатылуы, жеке клиникаларда жасалатын түсіктердің есепке алынбауына да алаңдайды жиналғандар.

ЕРЖАН НҰРЛЫБАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

2026-2028 жылдары «облыстық ауруханаларды жаңарту» жобасы жүзеге асатын болады. Оған перинаталдық орталықтар да кіреді. Перинаталдық орталықтар аймақтағы денсаулық сақтау саласының қозғаушы күші болуы керек. Оның ішінде ана мен баланы қорғау мәселесі бар. Қазір үй жағдайындағы нәресте өлімінің деңгейі әлі де жоғары болып отыр.