ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің төрағасы Нұржан Қайыпжанның айтуынша, былтыр Сот жюриі 77 тәртіптік істі және тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау бойынша 1 материалды қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сот жюриінің шешімдерімен 40 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 31 аудандық деңгейдегі судья, 5 аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, 2 облыстық және оларға теңестірілген соттардың судьялары, 1 облыстық соттың сот алқасының төрағасы және 1 облыстық соттың төрағасы бар. Барлығы 40 тәртіптік жаза қолданылды, оның ішінде ескерту түрінде – 21, сөгіс түрінде – 13, судья қызметінен босату түрінде – 6", – деп нақтылады ОКҚ баспасөз мәслихатында спикер.
Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты өрескел бұзу (30), судьялық әдеп кодексінің нормаларын бұзу (6), сот төрағасының және сот алқасының лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау судьялардың тәртіптік жауапкершілігінің негіздері болып есептеледі (4).
Тәртіптік істерді тоқтатудың себептері негізінен судьяның іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауы және тәртіптік теріс қылық құрамының жеткіліксіздігі болды.