$499.22 €519.14 ₽5.64
×

Ақтөбеде 1-сынып оқушысы мектепке барар жолда көз жұмды: Дәрігерлер баланың өліміне қатысты не дейді?

AstanaTV
28.02.2025ж. 17:27
94
Ақтөбеде 1-сынып оқушысы мектепке барар жолда көз жұмды: Дәрігерлер баланың өліміне қатысты не дейді?
Фото: life.ru

Ақтөбеде №16 мектептің 7 жастағы оқушысы 28 ақпанда таңғы 07:30 шамасында үйінің ауласында есінен танып, қайтыс болды. Анасы мен әпкесінен бұрын сыртқа шыққан бала құлап қалған. Жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Бұған дейін денсаулығына қатысты шағым болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, қайғылы оқиға 28 ақпан күні таңғы 07:30 шамасында Маресьев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болды. №16 мектептің 7 жастағы оқушысы көз жұмды. Ол анасымен және әпкесімен бірге мектепке баруға жиналып жатқан.

Алайда Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бала анасынан және әпкесінен бұрын сыртқа шығып, аулада есінен танып құлап қалған. Жедел жәрдем шақырылған.

Дәрігерлердің мәліметінше, шақыру 07:39-да түскен, 07:44-те жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен. Бала үйде болған, анасы жанында тұрған. Дәрігерлер келгенде ол клиникалық өлім жағдайында болған. Дер кезінде көрсетілген 30 минуттық реанимациялық шараларға қарамастан, баланы құтқару мүмкін болмады. Бұған дейін бала денсаулығына қатысты мүлдем шағым айтпаған, диспансерлік есепте тұрмаған.

Бұған дейін WhatsApp арқылы тараған хабарламада баланы қаңғыбас ит талап өлтірді деген ақпарат тараған еді. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарып, баланың денесінде қандай да бір зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін, киімі бүтін болғанын хабарлады. Кейінірек баланың қаңғыбас иттен қорқып, жүрегі жарылып көз жұмғаны туралы ақпарат пайда болды.

Білім басқармасы бұл жағдайға қатысты мұғалімнің қате түсініп, дұрыс емес ақпарат бергенін мойындады. Қазір полицейлер бала қайтыс болған жердегі бейнебақылау камераларын тексеріп, сараптама нәтижелерін күтіп отыр. Бұл баланың нақты неден қайтыс болғанын анықтауға көмектеседі.