"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ 2025 жылғы көктемгі кезеңде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне шектеу енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі №492 бұйрығының 19 тармағына сәйкес, республикалық автожолдарды қысқы мезгілден кейін сақтау мақсатында 2025 жылғы 1 наурыздан бастап 1 сәуірге дейін "бесінші жол климаттық аймаққа" жататын келесі сегіз облыста шектеу енгізіледі:
Алматы облысы
Атырау облысы
Жамбыл облысы
Ұлытау облысы
Қызылорда облысы
Маңғыстау облысы
Жетісу облысы
Түркістан облысы
Алайда келесі автокөліктердің түрлеріне бұл шектеулер қолданылмайды:
халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын көліктерге;
гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді, жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын көліктерге;
жол-құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын көліктерге.