Атырауда 74 жастағы таксист әже жол ережесін мүлде бұзбаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атырау облысындағы Мақат-Доссор тасжолында жол ережесін мүлде бұзбаған тәжірибелі жүргізуші бар. Ол – 74 жастағы зейнеткер Сәуле Мұсаева. 30 жылдан астам уақыт бойы көлік тізгіндеп, оның 22 жылын такси қызметіне арнаған. Ол жылдамдықты асырмау, жаяу жүргіншілерге жол беру, көлік айдап келе жатып телефонға алаңдамау сияқты қағидаларды қатаң ұстанып, көлігімен мыңдаған шақырымды жүріп өткен.
Көлік жүргізу – тек рөлді ұстап, газ басу емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Кейбір жүргізушілер асығыстық танытып, ережені елемейді. Бірақ жолда әр секунд маңызды. Бір қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан мен әрдайым тәртіпті сақтаймын және өзгелерге де осыны кеңес етемін, – дейді ол.
Сәуле Мұсаева Алматы техникалық институтын бітіріп, инженер-технолог мамандығын алған. Ол еңбек жолында инженер, экономист, фабрика директоры қызметтерін атқарып, зейнетке шыққан. Ал көлік жүргізуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Алғашқы көлігін 1998 жылы сатып алып, содан бері бірнеше көлік ауыстырғанын айтады. Зейнетке шыққаннан кейін Сәуле Мұсаева Мақат ауданындағы көлік жүргізу мектебінде сабақ берген.
Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Біз жол ережесін сақтау арқылы өзімізді ғана емес, өзгелерді де қорғаймыз. Полиция қызметкерлері әрдайым тәртіпке шақырады, өйткені бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Жолда абай болу – өзіңді және жақындарыңды қорғау қағидасы әр жүргізушінің санасында болуы керек, – дейді Сәуле Мұсаева.
Полицейлер 74 жастағы такси жүргізушісіне гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыстап, жолда жүретін барлық азаматтарды сақтыққа шақырды. Бүгінгі кейіпкеріміз Сәуле Мұсаева – жолдағы тәртіп пен жауапкершілікті берік ұстанған жан. Оның тәжірибесі – барлық жүргізушіге үлгі.