Қостанай облысында полицейлер мен құтқарушылар айдала болған жол апатынан кейін шетелдіктерге жедел көмекке келді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өңірлік ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 наурызда таңертең Рудный-Қашар-Федоров тас жолында кішігірім жол апаты орын алды. Екі көлік — Hyundai және минивэн жол жиегінен шығып кетті.
"Салонда шет мемлекеттердің 11 азаматы, оның ішінде бір бала болды. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, дегенмен екі көлік те жолдан шығып қалған. Ақпарат алғаннан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жедел жетті. Жедел қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында автокөліктер жолға шығарылып, жолаушыларға қажетті көмек көрсетілді", делінген полиция хабарламасында.
Жол-көлік оқиғаларының барлық қатысушылары оларды құтқарған азаматтарға кәсібилігі мен жеделдігі үшін алғыстарын білдіріп, содан кейін өз бағыттарын жалғастырғаны да нақтыланады.