Қазақстанда полицейлер бес күнде ел бойынша 46 мың көлікті тексерген. Олар жеке тасымалдаумен айналысатын 1080 шетелдікті анықтады, олардың 691-і көші-қон заңнамасын бұзған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» операциясы барысында жүздеген көші-қон ережелерін бұзу фактілерін анықтады.
«234 шетелдік заңсыз жұмысқа орналасқаны үшін, 457-сі Қазақстан Республикасында болу шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 175 шетелдік такси жүргізушісі елден шығарылды, оның ішінде 103 адам жеке басын анықтау үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады ІІМ.
Шетелдіктерді жұмысқа заңсыз тартқан 38 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тәулігіне 15-20 сағат бойы заңсыз такси жүргізетін шетелдіктер апат қаупін арттырады.
Астанада осындай бес пәтер иесі анықталды. Оларға айыппұл салынды. Мұндай фактілер Алматы, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында да анықталды.