Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 550 млн долларға жетті. Еліміз Каспий теңізінің ар жағындағы ағайындарға шикізаттық емес 130 тауар түрінің экспортын жүргізуге дайын. Оның құны 340 млн долларға бағаланып отыр. Бұл Премьер-министр Олжас Бектеновтың Әзербайжанға ресми сапары кезінде айтылды. Үкімет басшысын Президент Ильхам Әлиев қабылдады. Артынша, екі ел үкіметаралық келіссөздері барысында сауда-экономикалық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері талқыланды. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы былтыр 4,5 млн тонна жүк тасымалданған. Қос мемлекет теміржолдарын интеграциялау процесін аяқтап, жақын арада бұл көрсеткішті едәуір арттырады. Мәдени-гуманитарлық байланыс та шет қалмайды. Осы келіссөздер аясында Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі мен Әзербайжанның Жоғары аттестациялық комиссиясы үлкен ынтымақтастыққа жол ашпақ.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Негізгі мақсат – ғылыми басылымдардың біріккен, бірлескен тізімін бекіту. Ол – қазақ және әзербайжан ғалымдарына ғылыми басылымдардың тізімін кеңейтуге, мақалалар жариялауға, болашақта сараптаманы бірігіп жасау жоспарымызда бар. Оның үстіне бүгін Бакуға біздің жетекші 22 ЖОО келді. Ертең үлкен конференция аясында 17 екіжақты келісімге қол қойылады.