$499.74 €525.23 ₽5.6
×

«Жасанды интеллект интеллектуалдық деградацияға әкеледі», - депутат

AstanaTV
03.03.2025ж. 20:00
96
«Жасанды интеллект интеллектуалдық деградацияға әкеледі», - депутат

Әншілер тайран салды. Жұлдыздар жасанды интеллект шығарған әнді ұрлап алып, «өзімдікі» деп өтірікті соғып жүр.  Бұрыңғыдай  ақынға бір хабарласып, композиторға  жалынып жүрмейтін болған. Аранжировкаға да әкесінің құнын төлемейді. Мың адамға берген ақысын қалтасына басып, бір платформадан тегін материал жүктеп алады. Жасанды интеллектіні осы мақсатта қолданғандар енді жазалануы мүмкін. Өзі ойланбай, дегенін робот арқылы орындатуға үйренгендер енді не істейді? Әріптесім тарқатады.

Жасанды интеллект деп жырлап жүргенімізге біраз болды. Оны дамыту, мамандарды оқыту керек деген талап бар алдымызда. Бірақ одан келер қауіпті кім ескеріп жатыр? Бірінші мәселе – жұмыссыздық. Онсыз да қолына күрек таппай, көше кезгендер саны артып жатқанда, адам орнын робот басатын болса болашақтан не күтеміз?

ЕЛНҰР БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Шын мәнінде жұмыссыздық деңгейі Қазақстан бойынша 12-13%. Бұл 1 миллион адамға жуық. Егер ЖИ кей саланы алмастырса, жағдай одан әрі ушығады. Сондықтан заң жобасында осыны да қарастыру керек.

Жапонияны мысалға алайық. Ол жақта технология әлде қайда дамыған. Бірақ әлі күнге дейін көп нарсені жасанды интеллектіге сеніп тапсырмайды. Ол роботты қолдана алмағаннан емес, жұмыссыздық саны артып кете ме деп алаңдайды. Бізде жасанды зейін туралы әңгіме шығып еді, халық бірден қағып алды. Жұлдыздар әнді платформалардан жазып, орындап жүр. Батпанқұйрықтың көкесін әншілер көретін болды дейді депутаттар.

ЕРЛАН ӘБДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Алаяқтық кең етек алуда. Атап айтқанда, дипфейк технологиясын қылмыстық мақсатта белсенді қолдануда. Мұндай мысалдар өте көп.

Адам оңайға тез үйренеді. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін теория. Депутаттар жасанды интеллект интеллектуалдық деградацияға әкеледі дейді. Дегенін біреу дер кезінде қағып алып, бірден орындап отырса қиналып не керек? Бұл жақында бәріміздің «алма піс, аузыма түстің» кейпін кешетінімізді көрсетеді. Олай болса, біздің «қазақылығымыз қайда қалады?» деп ашынды мәжілісмендер.

АНАС БАҚҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын ойлап шығармаса, бұл не заман болып барады? Сонда біз әлем жасанды интеллекті жасады екен деп, соңынан ере береміз бе? Қазақығылымыз қайда? Өзіміздің интеллектуалдық мүмкіндіктерімізді ашар жолдар қайда?

Әнші, қызметкерді былай қойғанда, мектептегі балалар да жасанды интеллектіге әбден сеніп алған. Тапсырманы Chat GPT-ге салып, оқу деген осы екен деп есіруде.

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мектеп жасындағы балаларға қандай да бір шектеу қойылуы керек. Егер шектеу қойылмаса, ертеңгі күні оқушыларымыз студент болады және олар еңбек нарығына араласқан кезде соның зардабын 20 жылдан кейін көреміз.

Қысқасы, технологияның дамуы жақсы. Бірақ оны алаяқтар игеріп, өз мүддесіне қолданса не болмақ? Оның үстіне заң жобасында бұған қатысты нақты норма жоқ. Әлі талқыланады дейді жауаптылар.

А. Задабек