$499.74 €525.23 ₽5.6
×

Путин мен Трамптың кездесуіне дайындық қарқынды жүріп жатыр

AstanaTV
03.03.2025ж. 20:00
98
Путин мен Трамптың кездесуіне дайындық қарқынды жүріп жатыр

Иә, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге дендеп енді. Оның шексіз мүмкіндіктері адамзат баласын таңғалдырмай қоймайды. Әдетте, не шықса да әуелі Қытайдан шығады емес пе? Бұл жолы да көршілес мемлекет робот ит ойлап тауып, жұрттың таңдайын қақтырды. Оның үстіне жай ғана ит емес, өрт сөндіруші ит!  

Төртаяқты робот алғаш рет Қытайдың Хунань провинциясында іске қосылды. Атауы – Х30. Ыстық-суығыңды да пысқырмайды. Минус 20-дан плюс 55 градус Цельсийге дейінгі температурада тынбай қызмет етеді. Өрт сөндірушілер роботты қашықтан басқара алады. Темір иттер түтін деңгейі, зиянды газдар және басқа қауіп-қатер туралы маңызды деректерді жібереді. Олар секундына 5 метр жылдамдықпен қозғалуға қауқарлы.

Соңғы бірнеше күнде қызу талқыға түсіп, төрткүл дүниенің назарын аудартқан жаңалыққа ойысайық. Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуіне дайындық қарқынды жүріп жатыр. Бұл маңызды оқиғаны дүйім жұрт демін ішке тартып күтіп отыр. Еске салайық, бұған дейін Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің АҚШ-та кездесуі сәтсіз аяқталған еді. Қызуқанды лидерлердің келіссөздері дауға ұласты. Көп ұзамай Зеленский Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер ұйымдастырған еуропалық көшбасшылар саммитіне қатысты. Ұлыбритания Украинаның қорғаныс қажеттіліктері үшін 3 миллиард доллар көлемінде несие бермек. Лондонда өткен кездесу барысында британ үкіметінің басшысы Украинаны барынша қолдайтындарын айтты.

Ал Газа секторында 1 жыл үзілістен кейін жаңа оқу жылы басталған. Бірақ білім беру жүйесіндегі жағдай сын көтермейді. Мектептер қираған, мұғалім жетіспейді. Сабақтар қалпына келтірілген білім ошақтарында, сондай-ақ уақытша оқу орталықтарында өтіп жатыр. Сабаққа қатыса алмайтындар қашықтықтан оқуды жалғастыруда.

М. Жакан