Маңғыстауда бір отбасының 7 адамы газдан уланып, көз жұмды. Олардың бесеуі бала. Оқиға орнына құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы дереу жеткенімен оларды аман алып қала алмады. Барлығы сол жерде тіл тартпай кеткен. Отағасы Өзбекстан Республикасының азаматы, ұлты - қарақалпақ. Ал анасы мен балалары Қазақстан азаматы. Оқиға Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында болған. Қайғылы жағдайдың себебін анықтау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
ЕРБОЛ ІЗБЕРГЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Кеше оқиға орнына барған болатынбыз. Тергеу-тексеру тобы тиісті жұмыстарын жүргізуде. Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі. Соның ішінде жерлеу рәсіміне қолдау көрсетілетін болады. Аталған оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, қайғылы оқиға газ жабдықтарының ақауынан болған. Бұған дейін Басқұдық ауылының халқына газды пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда осы үйдің тұрғындары ақпараттандырылмаған.
АЛЕКСАНДР АЛЕКСЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Оқиға орнына дереу ДЧС қызметкерлері, полиция, жедел жәрдем бригадасы, «ҚазТрансАймақ» жіберілді. Қазіргі таңда әріптестерім айтып жатқандай, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.
Д. Саксыбай