Оралда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан үш оқушыны көлік қағып кетті. Балалар бір ажалдан аман қалғанымен, біреуі ауыр халде ауруханада жатыр. Көлік іліп әкеткен тағы бір қыздың аяқ-қолы сынған. Ата-аналар баланы мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз деп үрейі ұшып отыр.
Бұл - мектеп маңындағы бейнебақылау камерасы түсірген көрініс. Жүйткіген көлік жылдамдығын бәсеңдетпестен, жолдан өтіп бара жатқан үш бүлдіршінді ұшырып түсірді. Жүргізуші жасанды кедергі - төмпешікке де тоқтамады.
ЭЛЬМИРА ТАСТЕНОВА, ПОЙМА АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қатты соғылған қыздардың бірін көлік екпінімен домалатып әкетті. Киімі ілініп қалған екіншісін аялдаманың ар жағына ұшырып жіберген. Ауыр жараланған ол қыздың аяқ-қолы сынып, миы шайқалыпты. Енді оған екінші операция жасалуы керек. Қазір соны күтіп жатыр.
ТАТЬЯНА ГЕВРАСЕВА, ПОЙМА АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Алты баламның үшеуін балабақшаға апарарда осы жермен өткіземін. Үш үлкені де осы жолмен жүреді. Күніне 8 рет қатынаймын. Енді мына оқиғадан кейін жұмысқа барарымды әлде балаларыма қарарымды білмей уайымдап отырмын.
Ауыл мектебі көлік ағылған жолдың арғы бетінен салынған. Оқушылардың дені автобус аялдамасы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы арқылы өтеді.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір ата-аналар баласын мектепке жіберуге қорқады. Өйткені қараңғы түскенде мына жердегі арнайы белгілердің ешқайсысы жанбайды, тіпті жарық бағаны да жоқ. Осының кесірінен баланы байқамаған жүргізушілер қайғылы жағдайға ұрындыра ма деп уайымдайды.
Үш қызды қағып өткен көлік рөлінде 75 жастағы қария болыпты. Енді оның 40 тәулікке қамалуы немесе қомақты айыппұл төлеуі тіпті түзету жұмыстарына тартылуы мүмкін.
РҮСТЕМ СМАҒҰЛОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖПҚ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Қылмыстық Кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Ауылдықтардың айтуынша, бұған дейін де дәл осы жолдан өтпек болған бірнеше адам ажал құшқан. Тұрғындар енді бұл жерге бағдаршам әлде көлік жылдамдығын түсіретін камера орнатуды сұрайды.
Е. Карин