Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмаған және кезінде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері кері қайтарылып жатыр. Үш жылдың ішінде «AMANAT» партиясының облыстық филиалы 387 мың гектар жерді мемлекет меншігіне өткізген. Оның 95 мың гектары шаруа қожалықтарына пайдалануға берілген. Бұған қосымша 6 мың гектар жер ауыл маңынан тұрғындардың малына жайылымға бөлініпті. Бірақ сұраныс көбеймесе, азаяр емес. Өйткені мал басы жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан жайылым және мал азығын дайындау үшін шабындықпен қамтамасыз ету әлі күнге өзекті мәселе болып отыр. Дегенмен жекелеген аудандардың қарқыны мәз емес. Өйткені кезінде заңсыз алған жерін игермек түгілі, пайдаланбайтын шаруашылықтар да бар екен. Олармен күресу оңай емес.
АЗАМАТ САФИМАЛИЕВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
"Жер аманаты" бойынша қайтарылған жерлер кейін халыққа беріледі. Ең басты мәселе - ауылдағы елдімекендердің жерін кері қайтару. Ертеректе бұл жерлер беріліп қойған, енді кейбір азаматтарымыз түсіністік танытып, бұл жерлерді қайтарып жатыр. Кейбір азаматтарымыз жерді пайдаланбайды да, игермейді де, қайтармайды да. Енді бүгінгі таңда ол азаматтармен сот процесі жүріп жатыр. Бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министріне ұсыныс берілді.
Е. Карин