Футболдан Қазақстан чемпионаты басталды. Тобыл, Тұран, Атырау клубтары ә дегеннен көш басына шықты. Жақында ғана Челси сатып алған жас талант Дастан Сәтпаев "Қайратты" жеңілістен құтқарып қалды. Спорттағы жаңалықтармен әріптесім Айбек Салдатбек толығырақ таныстырады.
Армысыздар!!! Таяқ жерге тасталды, премьер-лига басталды. 14 команда алғашқы турдағы ойындарын өткізді. Тобыл, Тұран, Атырау клубтары 3 ұпайдан еншілеп, көштің алдына шықты. Алматылық "Қайрат" "Астанамен" кездесіп, тең тарқасты. Елордалық клуб 1-ші таймда алда болғанымен, 69-шы минутта 16 жастағы Дастан Сәтпаев гол соқты. Бұл оның Чемпионаттағы дебюттық голы. Матчта 1 де 1 есебі тіркеліп, қос команда 1 ұпайды қанағат тұтты.
Алғашқы турдағы Қайсар мен Жеңіс арасындағы кездесу елдің ауызында көпке дейін жүретінге ұқсайды. Матч кезінде толассыз қар жауып, жұмысшылар көгалды тазалауға мәжбүр болды. Қарап тұра алмаған қақпашы Нұрымжан Салайдин қос қолына күрек ұстап, қар тазалады. Қайсардың қақпашысы алаң жиегі мен ақ сызықтың қарын күреді. Суық күнде жұмысшыларға көмектескен қақшапының іс-әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Естімеген елде көп. Уругвайлық футболшыны Мексикада көлігімен бірге ұрлап кетті. Оқиға "Леонның" жартылай қорғаушысы Николас Фонсека автомобилімен жаттығуға кетіп бара жатқанда болған. Қаруланған қылмыскерлер оны егістік алқабына апарып, екі сағат бойы кепілде ұстап, кейін айдалаға босатып жіберген. Футболшының ұрланған көлігін де бірнеше шақырым жерде қалдырып кетіпті. Қазір Фонсеканың жағдайы жақсы.
Байкерлер жарысында спортшы апатқа ұшырап, омыртқасын сындырды. Жан түршігерлік жағдай Уфадағы мұз үстіндегі мотоциклдер жарысында тіркелді. Игорь Кононов тізгінді жоғалтып, мотоцикл дөңгелегінің астында қалды. Мұз үстімен сырғанап барып, жол жиегінде қалған оны жедел жәрдем ауруханаға жеткізді. Спортшының омыртқасы сынып, жамбасы жарақаттанды.
Біз дайындаған маңызды ақпарат ағыны осы. Жақсылықта жүздескенше есен-сау болыңыздар!