$499.11 €521.12 ₽5.58
×

Енді жеке куәлік пен төлқұжатты мобильді қосымшалар арқылы онлайн рәсімдеуге болады

AstanaTV
04.03.2025ж. 11:05
75
Енді жеке куәлік пен төлқұжатты мобильді қосымшалар арқылы онлайн рәсімдеуге болады
Фото: gov.kz

Қазақстандықтар жеке куәлік пен төлқұжатты онлайн түрде ауыстыра алады, – деп хабарлайды Politico.kz.

ҚР Ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) бірлесіп, мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету бойынша пилоттық жобаны әзірледі.

Құжатқа сәйкес, жеке куәлік пен төлқұжатты электронды үкімет порталы (eGov) және мобильді қосымшалар арқылы онлайн ауыстыруға болады. Бұл қызмет тек мерзімі өткен құжаттарға қолжетімді болмақ.

Қалай өтініш беруге болады?

Қызметті тек құжатының мерзімі 30 күннен аз уақыт қалған немесе мерзімі 10 күннен аспай өтіп кеткен азаматтар пайдалана алады.

Өтінішті азамат өзі толтырады.

Жүйеге сапалы фотосурет пен қолтаңбаны жүктеу қажет.

Өтініш өңделген соң, дайын құжатты көші-қон қызметінің тиісті бөлімінен алуға болады.

Егер фотосурет немесе қолтаңба сапасыз болса немесе қосымша тексеру қажет болса, өтініш кері қайтарылады. Мұндай жағдайда азамат жаңа өтініш беруі керек және мемлекеттік баж салығын қайта төлеуге тура келеді. Ал бұрын төленген сома салық кодексіне сәйкес қайтарылады.

Құжатты алу үшін өтініш беруші ХҚКО-ға (ЦОН) барудың қажеті жоқ – дайын құжатты тиісті бөлімнен алуға болады.

Пилоттық жоба 2026 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта жоба "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Ұсыныстар 2025 жылдың 19 наурызына дейін қабылданады.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, бұл бастама мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, азаматтарға ыңғайлы қызмет көрсету және процесті оңтайландыру мақсатында жасалған.