$499.11 €521.12 ₽5.58
×

Қопадағы оқушы өліміне қатысты іс жабық режимде қаралады

AstanaTV
04.03.2025ж. 12:07
91
Қопадағы оқушы өліміне қатысты іс жабық режимде қаралады
Фото: Ардақ Ерубаева / Orda.kz

Ақтөбе сотына алты оқушыны күзетпен әкелді. Олар 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты күдікті. Іс 23 томнан тұрады, деп хабарлайды Orda.kz.

Бүгін Ақтөбе облысы Қопадағы оқушы өліміне қатысты сот тыңдалымы басталды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот залы лық толды. Ондаған қорғаушы, жәбірленуші мен сотталушылардың туыстары келді.

Қылмыстық іс үш бап бойынша қаралады: ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі, 293-бабының 2-бөлігі және 28-бабының 3-бөлігі бойынша заңбұзушылықтар зерделенеді.

Арнайы күзет күдіктілерге арналған орынға 6 оқушыны әкелді. Прокурор мен айыптау тарапы кәмелетке толмаған оқушылардың қылмыс жасағанын ескеріп, істің жабық өтуін сұрады.

Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталушылардың кәмелетке толмағандығын негізге ала отырып, істі жабық түрде қарау туралы шешім қабылдады.

Ал жәбірленуші тарап сот тыңдалымын ашық қарауды талап етті. Олардың айтуынша, іс бойынша өздерімен бірге 12 бала жәбірленуші ретінде танылған.

«Бұл тек менің бауырымның ісі емес, бүкіл қоғам үшін өте ауқымды мәселе. Егер мұндай қатыгездікке көз жұма қарай берсек, ертең кез келген ата-ана осындай жағдайға душар болуы мүмкін. Біз заң органдарынан істі әділ тергеп, кінәлілердің лайықты жаза алуын талап етеміз. Сот ашық өтуі керек. Бауырым аяусыз соққыға жығылды, сол соққының салдарынан көз жұмды. Оқиға кезінде оның қасында 18 оқушы болған, олардың арасында спорт шеберлері де бар. Өкінішке қарай, сол жерде ата-анасына хабар бермей, балаларды үркітіп-қорқытып, бала жан тапсырды. Жедел жәрдем келгенше ол қайтыс болып кетті. Жәбірленуші тарап ретінде 9-сыныптың 7 оқушысы, 10-сыныптың 5 оқушысы танылды. Біз соттың әділ әрі заңды шешім қабылдауын сұраймыз», – деді марқұмның апасы Мереке Қалдыбаева.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2024 жылғы 2 қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болды. 14 жастағы Нұржан Сыдық көз жұмды. Ауыл мектебінде буллинг бары айтылды. Оқиғадан кейін мектеп директоры мен аудандық білім бөлімінің басшысы өз еркімен қызметтен кетті. Аудан әкімі мен облыстық білім басқармасы қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.

Айта кетейік, оқушы өлімі бойынша іс алғашында ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігімен қаралды. Тергеу барысында іс ҚК-нің 99-бабына ("Адам өлтіру") ауыстырылды. Алайда, бірнеше қайта қаралған соң, іс қайтадан ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігімен сотқа жіберілді.