$499.74 €525.23 ₽5.6
×

Оралда үстіне футбол қақпасы құлап, өлген баланың оқиғасына кінәлілер әлі анықталмай отыр

AstanaTV
04.03.2025ж. 16:51
75
Оралда үстіне футбол қақпасы құлап, өлген баланың оқиғасына кінәлілер әлі анықталмай отыр
Фото: dariyainkash

Оқиға 2022 жылы болған. Ойын алаңына ойнауға шығып кеткен Нұрамир Есеналиевтің үстіне футбол қақпасы құлап, баланың миын шашып тастаған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем балаға қолдан келгенді жасаған. Бірақ ауруханаға жеткен 11 жасар Нұрамирді құтқару мүмкін болмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Содан бері үш жылға жуық уақыт өткен. Бірақ әлі күнге дейін кінәлілер анықталмаған.

– Менің балам сап-сау бала. Өзі бокспен шұғылданды, спортшы, оқу үлгерімі жоғары еді. Әдеттегідей ойнап келемін деп шығып кетті. Сол кеткеннен оралмады. Екі жыл сегіз ай өтті. Тергеу өте созылып кетті. Мына жерде болған ойын алаңындағы футбол қақпасы жерге дұрыс бекімеген. Соның кесірінен ол менің ұлымның үстіне құлап кетіп тұр. Сот сараптамасы ұлымның миы шашылып қалғанын дәлелдеді. Және техникалық сараптама жасаттық. Оның қорытындысы бойынша мына жердегі қақпа стандартқа сай емес. Ол бұлай орнатылмауы керек екен. Бала деген қайдан біледі оның бәрін. Олар ойын алаңдары қауіпсіз деп ойлап, ойнай береді емес пе, – деп қапаланады Нұрамирдің анасы Салтанат Есеналиева.

Тергеудің неге ұзаққа созылғаны белгісіз. Біздің бұл сұрағымызға Полиция департаменті жауап бермеді. Бар болғаны іс сотқа кетті деп қысқа қайырды.

Ал Есеналиевтер отбасы болса ойын алаңын салып, ол жерге сапасыз футбол қақпасын орнатқандар жазасын алса дейді.

- Біздің бар үмітіміз сотта. Сот әділ шешім шығарса екен дейміз. Ұлымыздан айырылғанымызға үш жыл болады. Әлі күнге кінәлілерді таппай отырғаны қынжылтады. Адам өлімі ойыншық емес қой, – дейді қала тұрғыны Салтанат Есеналиева.

Бала қайтыс болған футбол алаңы Орал спорт клубына тиесілі.