Санитарлық дәрігерлер қытай тағамдарын зерттеу нәтижелерін жариялады. Мамандар бұл тағамдардың құрамында адам ағзасына зиянды заттардың барын анықтады. Олар бас ауруын, жүрек айнуды, әлсіздікті тудырады. Ақтөбе облысында оқушылардың жаппай улануына да осы қытай өнімдері себеп болған, – деп хабарлайды 24kz.
Қазақстандық жастарда жаңа тренд пайда болды. Оқушылар «латяо» деген қытайлық өнімнің дәмін көруден жарысады. Соя етінен жасалған ащы қытайлық таяқшаларды жеген видеолар желі қолданушылары арасында тарап кетті.
- Басында жегенде дәмі ұнамаған. Бірақ кейін ұнап кетті. Тәуелділік болып, бірақ қазір қойып кеттім. Бірақ жейтін нәрсе емес. Жүрек айну болады, құсқың келеді, сондай болды, - дейді бірінші кейіпкер.
- Мұндайға қарсымын. Ондай қолдануға, жеуге қарсымын. Анда-санда болмаса, былай уақытта күнделікті пайдалануға зиян деп ойлаймын адам денсаулығына. Оның құрамын білмейміз. Құрамын білмеген тексермегеннен кейін ұсынуға кеңес бермеймін, - деп пікір білдірді тағы бір адам.
- Бір рет жеп көрдім. Тәтті ме, ащы ма білмеймін. Дәмі түсініксіз. Мектептің жанындағы дүкенде осындай өнімдер көп сатылады. Оқушылар үнемі алып, жеп жүреді, - деді сауалнамаға қатысқан кейіпкер.
Құрамында ГМО, қорғасын, кадмий және мышьяк болмаса да, бұл снектерде бас ауруы, ісіну, жүрек айну және әлсіздік тудыруы мүмкін дәм күшейткіш зат бар. Сонымен қатар ол қан қысымын бұзып, асқазан ауруына әкелуі мүмкін. Қытайлық өнім құрамындағы тағы бір қосымша – натрий инозинаты. Ол аллергия қаупін арттырады және ас қорыту жүйесіне кері әсер етеді. Сонымен қатар өнімнің қауіпсіздік талаптарына сай екендігін растайтын сәйкестік туралы декларация жоқ. Сондықтан мамандар мұндай снектерді алмауға кеңес береді. Әсіресе, балалар рационына қосудың қажеті жоқ.
- Снектерде көптеген зиянды қоспалар бар. Онда консерванттар, бояғыш заттар, дәмді күшейтетін заттар бар екенін ескерсек, әрине, бұл өнімдер асқазан-ішек жолдарының шырышты қабығын тітіркендіреді. Нәтижесінде өткір гастрит болуы мүмкін, улануы да мүмкін, – дейді гастроэнтеролог-дәрігер Гүлнәр Жауғашева.
Қытайда мұндай снектерді ет жемейтін адамдар тұтынады. Бірақ жергілікті халықтың өзі осы өнімнің балалар мен жасөспірімдерде тәуелділік тудыратынын айтады.
- Қытай тағамдары көбінесе шағын дүкендерде, сауда орындарында, мини-маркеттерде сәйкестік туралы декларациясыз сатылады. Яғни, кәсіпкер мұндай тауарды сату үшін жеткізушіден сәйкестік туралы декларацияны талап етпейді. Демек, заңнаманы бұзады және бұл өнім тұтынушыға таңбалаусыз, қажетті ақпаратсыз сатылады, – деді ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева.
Ақтөбе облысында оқушылардың жаппай улануынан кейін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мұндай өнімдерді айналымнан алып тастауды тапсырды. Снектер сататын дүкендер мен сауда орындары тиісті хабарламаларды алды. Қазір қытайлық өнімді елге кіргізуге және сатуға тыйым салатын санитарлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.