$499.74 €525.23 ₽5.6
×

"Жауапты органдардың белсенді жұмысы байқалмайды", - О. Бектенов

AstanaTV
04.03.2025ж. 20:00
135
"Жауапты органдардың белсенді жұмысы байқалмайды", - О. Бектенов

"Мемлекеттік органдардың белсенді жұмысы байқалмайды". Осылай деген Үкімет басшысы инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде жауаптылардың әрекеті сылбыр деп сөкті. Бюрократиялық кедергілердің кесірінен, ведомствааралық өзара байланыстардың жоқтығынан болашағы зор бастамалар аяқсыз қалып жатыр. Олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу керек? Үкімет отырысына қатысқан Сүндет Оралбек айтады.  

Күніне елімізге орта есеппен 50 миллион доллар шетелдік инвестиция тартылады. Осы арқылы сан сала ілгері жылжиды. Бірақ, шешімін таппаған мәселе де бар.  Инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде мемлекеттік органдардың қимылы - сылбыр. Үкімет басшысы жауапты органдардың белсенді жұмысы байқалмайды деп сөкті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз ұзақ келісу рәсімдері мен бюрократиялық кедергілердің кесірінен немесе ведомствоаралық өзара байланыстардың жоқтығынан болашағы зор бастамалардың баяулап қалғанын көріп жүрміз. Жақында мен инвестициялық ахуалға арналған кеңес өткіздім. Көп уақыт бойы созылып келген сұрақтар сол арада бірден шешімін тапты. Барлық мемлекеттік орган «бюрократияға мүлде жол жоқ» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс.

Мемлекеттік органдар инвесторларға барынша қолдау көрсетуі тиіс, министрліктер мен әкімдіктер инвестициялық жобаларды қолдауға тікелей жауапты. Осылай деген Үкімет басшысы Бизнестің бастамалары ведомстволардың арасындағы өзара байланыстардың нашарлығынан зардап шекпеуге тиіс екенін айтты. Осы мақсатта министрлерге бірқатар тапсырма жүктеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Салалық министрліктер жобалардың іске асырылуын қатаң бақылау тетігін әзірлесін. Сонымен қатар әкімдіктер инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жергілікті бюджеттердің қаражатын белсенді түрде тарту қажет. Қаржы министрлігі де басым жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

Премьер-министр қаржы ұйымдарын да қыспаққа алды. Себебі, қазір бизнеске берілетін ұзақ мерзімді кредиттер жоқтың қасы. Банктер қысқа уақытқа әрі тәуекелі аз несие бергенді құп көреді. Ал экономиканың нақты секторына қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржы ресурстары қажет. Сондай-ақ, Үкімет биыл экономиканың нақты секторындағы жобаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Ол үшін мемлекеттік кепілдікті қолдану аясын кеңейтуді, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің капиталын арттыруды жоспарлап отыр.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Биыл және одан кейінгі жылдары экономикалық өсудің қарқынын ұлғайту үшін Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір ұлғайтады. Атап айтқанда, Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 2025 жылы 1 трлн теңгеге ұлғайтады. Бұл шара холдингке 8 трлн теңге сомасына жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ,  биыл  19 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, 12 мың шақырым жол жөндеуден өтеді.  Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыру арқылы көлік, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын ілгерілетуді қолға алмақ. Түрлі бастамалар арқылы ішкі өнімді өсіруді көздеп отыр.

С. Оралбеков