Елдегі азаматтық авиацияға мемлекеттің де тісі батпай отыр. Сондықтан да азаматтардың құқығы жиі тапталады. Депутат Мұрат Әбенов осылай деді. Сөйтсе, бүгінге дейін құзырлы мемлекеттік органдар салаға емін-еркін тексеріс жүргізе алмаған. Соған үйренген әуе компаниялары да өрескел әрекеттерге жол береді. Рейстер негізсіз кешігеді, билеттердің құны қайтарылмайды. Ал баға шарықтап тұр, лоукостердің аты ғана лоукостер. Саладағы мәселелер жайлы толығырақ Мөлдір Жақан айтады.
Қазір азаматтық авиация саласы былыққа толы екені жасырын емес. Мәселе шаш етектен. Алайда осы уақытқа дейін жабулы қазан жабулы күйінде қала берген. Неге дейсіз ғой?
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Заңның ішінен алып тастаған. Авиацияны тексеруге болмайды деген. Пойызды тексеруге болады, автокөлікті тексеруге болады. Бірақ авиакомпанияны тексеруге болмайды деп жазылған. Арыз-шағым жаз, бірақ ол бәрібір тексерілмейді. Авиацияда билет сатып алатын болсаң, олар ақшасын толық қайтармауға болады деген – ол да дұрыс емес. Оларға сөйтіп арнайы жағдай жасаған.
Иә, арыз-шағым жазғанымен, мәселенің бәрібір шешілмейтінін түсінген жұртта көнуден басқа амал қалмаған. Жиған-тергені тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп, құқығының тапталғанына еті үйреніп кеткендей.
АЙНҰР ИМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жұмысыма байланысты, денсаулығыма немесе жоспарларымның өзгеруіне байланысты әуе билеттерін қайтарған сәттерім көп болды. Бірақ жарытып ақшасын алғам жоқ. Билет құны 40.000 теңге болса, шамамен 3000 теңгесін қайтарып береді. Мүлдем қайтармай-ақ қойғаны жақсы ма деп қаласың. Шағымдану ойыма да келмепті.
Өз пайдасын ойлаған әуе компаниялары небір айлаға баратын көрінеді. Билеттерді жолаушылар санынан асыра саудалайды. Одан қалса осы «қайтарымсыз билет» дегенді шығарған.
ТІЛЕК ӘБДІРАХИМОВ, «AIR ASTANA» КОРПОРАТИВТІК БАЙЛАНЫСТАР БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ:
Билеттің қайтару құны билетті сатып алған тарифке байланысты. Қайтарымсыз билетті сатып алсаңыз, ең төмен бағамен сатып алсаңыз, онда әуежай алымдары ғана қайтарылады. Ал билеттің тарифы қайтарылмайды. 100 пайыз қайтарып алуға мүмкіндік бар, егер сіз икемді, ең қымбат тариф бойынша сатып алсаңыз.
Ережелерге сәйкес, қайтарымсыз билеттің құны өзге тарифтермен салыстырғанда арзан болуы тиіс. Бірақ халық оны да көпсініп отыр.
БЛИЦ:
- Билет қымбаттайды. Жақындаған сайын қымбаттап кетеді. Бір қалыпта ұстап тұрса екен. Еуропа сияқты елдерде бір қалыпта ұстап тұрады ғой.
- Қымбат, иә. Балалармен барып қаламыз кейде. Оларға да билет алу керек. Сол жағы ыңғайсыз.
Былтыр тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне әуе тасымалына байланысты 100-ден астам шағым түскен. Былтыр тұрғындарды жолынан қалдырып қана қоймай, уақтылы ас-су ұсынбаған әуе компаниялары 40 млн теңге айыппұл арқалады. Бұл соманы олар шыбын шаққан құрлы көрмейтіні анық.
ЖАНСАЯ ДАДЫН, ҚР СИМ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Комитетке және аумақтық департаменттерге 119 өтініш келіп түсті. Былтырғы жылмен салыстырған кезде 53 пайызға өтініштер саны азайды. 2023 жылы 252 шағым түскен болатын. Шағымдардың көбі -әуе билеттерінің ақшасының қайтарылмауы, рейстердің кешігуі және де сапалы қызметті көрсетпеу.
Қазір тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Заң қолдау тапса, билеттердің құнын 100 пайыз қайтарып алу мүмкіндігі туады. Мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейеді. Әуежайлардың қызметіне қатысты да бірқатар түзетулер енгізілмек.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
2021 жылдары заңға өзгеріс енгізілген. Әр азамат компанияға тікелей сотқа беруге болмайды деген. Алдымен сен әуе компанияға жазасың, одан кейін сен қоғамдық ұйымға жазасың. Үшінші, міндетті түрде мемлекеттік органға тексеруге беруің керек. Сосын ғана сотқа бере аласың. Әрине, оған кім шыдайды? Шамалы күтеді, қойшы дейді. Қазір былай істеп жатырмыз: жазасың, жауап бермесе, сотқа жүгінесің. Ал сотта сен ұтасың. Өйткені сенің құқығың тапталды.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Шыдамның да шегі бар. Әбден тайраңдап кеткен әуе компанияларына тықыр таяған тәрізді. Осы уақытқа дейін білгенін істеп келген авиакомпанияларды жөнге салуға депутаттар шындап кіріскен. Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы былтыр Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған еді. Енді жазға дейін Сенатқа жолданбақ.
М. Жақан