Енді тойға түскен ақшаңыз туралы да есеп бересіз. Тұрғындар сыйлығын декларациялауға міндетті. Бұрыңғыдай «сыйға сый, сыраға бал» деп сайран салу жоғынан. Әр бергеніңіз бен алғаныңыз үшін мемлекетке жауап беру міндетті. Тұрғындар «жетпегені осы еді?» деп ашынып отыр. Осы және өзге де өзекті тақырып «Өзекті» айдарында толығырақ айтылады. Тізгінді әріптесім Аружан Задабекке беремін.
Кеш қайырлы болсын, көрермен! Әлеуметтік желіні шулатып жатқан тақырыптарды теріп-теріп әкелдім. Экраннан алыстамаңыз.
Дәл қазір қолымда 3-сыныптың қазақ тілі кітабы тұр. Ішін ашсаң бала түгілі, өзің түсінбейтін сөз көп екен. Бір-екі мысал келтірейін. Бұған дейін «кейіді», «сүрек», «отындық», «өзек» сөздерін естіп па едіңіз? Үлкен кісілер болса ләм дегізбей түсінер. Бірақ 3-сыныптың баласы ұға ала ма? Санасы енді-енді жетіліп, бейімделіп келе жатқан бүлдіршін бұндай сөздерді оқып, білім алудан беті қайтып қалады дейді ата-аналар.
Сөзінде жан бар. Қазіргі оқулықтар түсініксіз деген пікірді жиі естіп жүрміз. Бұрын біз тарихты 5-сыныпта бір-ақ өтетінбіз. Ал, қазір ше? Қазір мектеп табалдырығын аттай сала миына құюға асығады. «Бұл оқушыны данышпан қылатын емес, дүбәрә қылатын жол» деп ашынып отыр халық.
Ал, енді мына суретке назар аударыңыз. Бұл фотоның әлеуметтік желіде жүргеніне біраз болды. Бірақ талқылау әлі тоқтар емес. 1-сыныпқа арналған көмекші құралда оқушыларға «өл» деп жаздырған. Бұл біраз тұрғынның ашуына тиді.
Мектепте мұғалімдер бізге «қатемен жұмыс» деп арнайы бір сабақты арнайтын. Диктант, шығарма жазу кезінде кеткен олқылықтарды енді қайталамас үшін осылай қып-қызыл етіп тақтаға бояп, еріндей көрсететін еді. Бәлкім, министрлікке де осындай сабақ керек шығар. Ата-аналар қанша рет әлеуметтік желіге шығып, шұқып көрсетсе де әлі нәтиже байқамадық. Өкінішті.
Мектеп бағдарламасы қиын болғаннан кейін балалар амал жоқ технологияны қолдана бастады. Қазір білмегенін бірден ChatGPT-ден сұрап көшіріп алады. Оңайы осы. Тілегені алдынан іздемей-ақ табылады. Бірақ бұл - ең қауіптісі дейді депутаттар. Сол үшін мүлде алып тастауды ұсынды.
Хош, келесі мәселеге ойысайық. Енді той жасау қиындай түспек. Өйткені мереке иесі түскен қаржы туралы есеп беруге міндетті болады. Яғни, барлық бағалы сыйлықты декларациялау керек. «Той десе қу басы домалайтын» тұрғындарды бұл жаңалық қуанта қоймады.
Құрметті көрермен, бүгінге осы. Аман-сау болайық.
А. Задабек