$503.15 €543.3 ₽5.93
×

Астанада бір пәтерге тіркелетін тұрғынның саны баспананың шаршы метріне қарай белгіленеді

AstanaTV
05.03.2025ж. 11:07
191
Астанада бір пәтерге тіркелетін тұрғынның саны баспананың шаршы метріне қарай белгіленеді

 Мәжілісте заңнамаға астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту бағытындағы өзгерістері енгізуге арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр, - деп жазды KAZINFORM.

Құжатты таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ірі қалаларда бір пәтерге жүздеген адамды тіркеу азаймай тұрғанын айтты. 

— Заң жобасының үшінші бағыты көші-қон процестерін реттеуді көздейді. Қазіргі таңда халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынып жатыр, бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеу фактілері бар, — деді ол.

Осы мәселені шешу үшін заңнамаға мынандай нормалар енгізілмекші:

— елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту (Ол үшін жергілікті мәслихатқа бір азаматқа қанша шаршы метр тиесілі екені белгілейтін функция берілмек); 

— астана аумағында бір мекенжайда нормативтерден артық тіркеуге тыйым салу.

— Бұл ретте тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің және жұбайының жақын туыстарына қолданылмайтынын атап өтеміз. Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтілетін болады, — деді вице-премьер.