$496.71 €531.33 ₽5.55
×

Полицияға жалған хабарлама берген қостанайлық оқушының ата-анасы жазаланды

AstanaTV
05.03.2025ж. 19:26
78
Полицияға жалған хабарлама берген қостанайлық оқушының ата-анасы жазаланды

Қостанайда 4 наурызда полицияға мектеп оқушысынан қоңырау келіп түсті. Ол қалалық мектептердің бірін террористер басып алғанын айтқан. Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты. Осылайша бесінші сынып оқушысының қалжыңы ата-анасы үшін жазаға айналды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға орнына әртүрлі қызметтердің өкілдері: полиция, құтқарушылар, ҰҚК қызметкерлері дереу келіп жетті. Мамандар оқу орнының аумағын тексерді. Алайда қауіп расталмады, сондай,ақ жарылғыш заттар мен күдікті адамдар табылмады.

"Полицейлер дереу қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол сол мектептің 5-сынып оқушысы болып шықты. Үрей тудырған әзіл оның отбасы үшін ауыр зардаптарға әкелді. Қазіргі уақытта полицияның көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін ата-анасы жауапкершілікке тартылады", делінген полиция хабарламасында.

Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 19,6 млн теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделгенін еске салды.

"Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан оны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелу қажет. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі, деп нақтыланады құзырлы орган ақпаратында.