Жібек жолы-Жетісай тас жолында Түркістан облысы ПД патрульдік полиция инспекторы Қанат Ғабитов қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол қылмыскерді қуалап, ізіне түскен-тұғын. Бұл туралы Zakon.kz сайтына облыстық полиция департаменті хабарлады.
Полиция қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтау бойынша барлық қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын, оның нәтижелері бойынша процессуальды шешім қабылданатынын атап өтті.
"Түркістан облысының полиция департаменті полиция аға лейтенанты Қанат Ғабитовтың туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, шын жүректен көңіл айтады және марқұмның отбасына қажетті қолдау шараларын көрсетеді", – деп атап өтті өңірлік ПД.
Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те аталған жағдайды растап, Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады:
"Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан Түркістан облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Қанат Ғабитовтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын".