Үкімет Астанадан адамдарды қуып жатыр. Өйткені қаладағы тұрғындар саны о баста жоспарланған межеден әлдеқайда асып кеткен. Енді сырттан келгендер өз өңірлеріне қайтарылуы мүмкін. Бас шаһарға шалқасынан түсіп жайғасқандар енді не істейді? Киім-кешектерін буып-түюге қанша уақыт берілді? Әріптесім Аружан Задабек тарқатады.
Астана – бас қала. Бұрын күнделіктің сыртында тұрған шаһарда қазір өмір сүреміз. Сырттан келгендердің бәрі бұл қалада "өсеміз-өнеміз» деп мақсат құрды. Бірақ қиял қуғанның бәрін бір аймаққа қалай сыйдырамыз? Созылатын сағыз емес, реттейін десең резеңке бола алмайды. Сонда да созып-созып 1 млн 529 мың адам тығыздалып алдық. Енді Үкімет бұлай жалғаспайтынын кесіп айтты.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Адам саны, миграцияны шектеу керек. Басқа өңірлерге адамдарды жіберу керек. Бос жұмыс орындарын ашу керек. Мекемелер, үлкен бизнестер.
«Көңіл сыйса бәрі сияды» деген сөз бұл тақырыпқа келгенде «өтпейді» енді. Министр жаңа норма қабылданса кей тұрғындар өзге өңірге жіберіледі деді. Бұл ерікті түрде бола ма? Сұрағымызға нақты жауап алу үшін әкім орынбасарынан сұрадық.
ЕРСІН ӨТЕБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Өзге өңірлерге көшіруді қолға алу керек сияқты деді. Сонда өз еріктерімен кетпесе, адамдарды қуасыздар ма?
- Басқа қалалар, басқа аумақтар өзінің аумағында қызығушылық тудыруы керек. Сол аумақта қажетті жұмыс орны болуы керек. Мен өзім солай түсініп отырмын.
Даудың басы мынадан шыққан. Бізде пәтеріне тым көп адамды тіркеп, одан пайда көретіндер көбейді. Мысалы Астана тұрғыны баспанасында 800 азамат тұрады деп көрсеткен. Әрқайсысы айына 10 мың теңге қыстыратынын ескерсек, жұмыс істемей аяқты айқастырып жатуға болады. Тәп-тәуір бизнес. Оның үйіне тек құжатпен тұрақталған адамның осылай істемеске амалы жоқ. Өйткені «пропискасы» жоқ қызметкерді ешқандай жұмыс орны алмайды. Бәлкім, Үкіметке салдарымен емес себебімен күресетін кез келген шығар. Бірақ министрлік бәрін қатырып жатырмыз деумен ғана шектелді.
«Біраз шаруаны» шештік деген Жұманғарин ақылы тұрақтардың мәселесін қашан шешер екен? Соңғы үш жылда ақылы автотұрақтарға астаналықтар 726 млн теңге төлеген. Оның 617 млн-ы жекеменшік компанияның қалтасына кетті. Яғни, одан түскен қаржының 5 пайызы ғана мемлекетке тиесілі.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Конституцияның 6-бабына сүйенетін болсақ, еліміздегі жердің иесі халық екенін білеміз. Мемлекет тек қана меншік құқығын жүзеге асырушы, бірақ мемлекет сол халықтан, яки жердің иесімен ақылдаспай-ақ, 2018 жылдан бері осы қаладағы барлық қоғамдық жердегі ақылы автотұрақтар құрды және оны жекеменшік компанияларға беріп тастады.
Қаладағы проблема бұл ғана емес. Бізде шаһардың әр жерінен түрлі тұрғын үй салынып жатыр. Бір күні көрген бос жерде келесі күні үлкен баспананың құрылысы аяқталып тұрады. Бірақ мектеп, балабақша, аурухана туралы мүлде естен шығарамыз. Сөйтеміз де, үйді алып алып, жақын жерден білім ошағын таппай, тағы сандаламыз. Бұл да әкімдіктің кемшілігі дейді депутаттар.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Көппәтерлі тұрғын үй салған кезде міндетті түрде әлеуметтік инфрақұрылымға, балабақша, мектеп, аурухана, кітапхана, яғни мәдени орталықтарға талап бола ма? Осындай талаптардың болуы әлеуметтік объектілерге қолжетімділікті және сапасын арттыруға жақсы нормалар ғой.
Кептеліс мәселесі тағы бар. Осыған дейін жолды кеңейту керек деген ұсыныс талай айтылды. Осы жолы да, әдеттегілдей, депуттатар қозғап еді, бүгінгі күннің жұлдызы Жұманғарин жақтыра қоймады. Мысқылдап барып, «керек емес» деп қатырды. Ыңғайсыз әзіл айтты.
Иә, премьер-министр әр сұрақты осылай қысқа қайырып, әзіл-шыны аралас жауап берді. Ал жауапты деген қала әкімдігінің аузынан сөз суыру қиын болды. Өзгеге айтқысы келмегеннен бе, әлде өзі де білмегеннен кейін бе ләм-мим деп сұрақтарға ашық жауап қатпады. Есесіне, мұндайда бірден намыстанып шығатын Жаңбыршин үнсіз қалсын ба?!
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Астана қаласы әкімінің орынбасары мен экология вице-министрі толық дайындалмай келген.
2 сағат бойы депутаттардың сауалына түрегеліп жауап берген министр де ішіндегісін бүгіп қалмады. Бәрін тыңдады. Ой елегінен өткізді. Міне, енді нақты жауап айтар дегенде сүт сұраған баладай тағы ауызымызды ашып қалдық.
Заң жобасында бұдан бөлек, дауысты жарнамаларға тыйым салу көзделген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта жасау, жасыл белдеу қала келбеті мәселелері де талқыланды.