Тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру керек. Ал банктер кепіл мүлкіне өздері жауап берсін. Бұл мәселені мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалында көтерді. Ол осы арқылы су тасқыны кезінде шығынды азайтуға болады дейді. Ел аумағының шамамен 70%-ы табиғи апаттар қаупіне бейім. Ал 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақтарға кіреді. Онда 7 миллионнан астам адам тұрады. Сондықтан сақтандыру жүйесін табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарда дамыту керек деді. Бұдан бөлек, депутат банктердің жұмысына да шүйлікті. Мәселен жер сілкінісі салдарынан тұрғын кепілдегі мүлкін жоғалтса, ол банк алдындағы несиені төлеуге міндетті болып қала береді. Сол себепті банктер кепіл мүлкін өз есебінен сақтандыруы тиіс деді.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Әлемдік тәжірибе сақтандыру жүйелерін, әсіресе табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарда дамыту қажеттілігін көрсетеді. Алайда Қазақстанда бұл жүйе жеткілікті дамымаған. Осыған байланысты, бізде тұрғын үйді сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған, бұл халықтың қызығушылығының жоқтығынан емес, сақтандыруды дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың кәсібилігінің жеткіліксіздігінен туындап отыр.