$503.15 €543.3 ₽5.93
×

ҚАЗГИДРОМЕТ: Биыл Қызылжар өңірінде былтырғыдай алапат су тасқыны болмайды

05.03.2025ж. 20:00
118
ҚАЗГИДРОМЕТ: Биыл Қызылжар өңірінде былтырғыдай алапат су тасқыны болмайды

Биыл Қызылжар өңірінде былтырғыдай алапат су тасқыны болмайды. Қазгидромет  мамандары осындай болжам жасап отыр. Құзырлы орган өкілдері аймақтағы барлық факторларды саралап, осындай қорытындыға келген. Мәселен, үстіміздегі жылы жауын-шашын мөлшері нормаға сәйкес түскен. Ал топырақ қатты қатпаған көрінеді. Демек, еріген қар суы жерге сіңіп кетеді, дейді сала мамандары. Жалпы, теріскейде Есіл өзені арқылы көктемде 3 миллиард текше метрге жуық су өтпек. Былтыр бұл көрсеткіш 5 миллиардқа жуықтаған. Дегенмен, Сергеев су қоймасында судың көлемі әлі де жоғары деңгейде тұр. Бұл тасқын кезінде кері әсер етуі мүмкін, дейді Қазгидромет өкілдері.

НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қар көлеміне сүйенсек, бізде 2014 және 2020 жылдың тасқыны қайталануы мүмкін. Бірақ былтырғы көрсеткіштерге әлде-қайда жетпейді. Алайда Есіл өзені Сергеев су қоймасынан кейін тасуы мүмкін. Себебі бұл нысан қазір 101 пайызға толық. Демек, судың қосымша көлемін су қоймасы ұстап қалмай, бірден барлық көлемді төменгі ағысына жіберіп отырады.


Сала мамандарының пайымдауынша, былтыр алапат су тасқынының болуына қар көлемінен қатар мұздардың кептелуі де үлкен әсер еткен. Көпірлердің маңайында мұздың ірі бөлшектері тұралап, Есіл өзені жан-жаққа жайылып кеткен. Биыл бұл сценарийді қайталамау үшін төтенше жағдай мамандары әу баста мұзды жару жұмыстарын қолға алмақ.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫ ЕСКЕРТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір Есіл өзенінде мұздың қалыңдығы 85 сантиметрге дейін жетеді. Біз оның әбден еруін күтпей, наурыз айының аяқ кезінде жара бастаймыз. Сондай-ақ, өзеннің бұрылыстарында және көпір алдында мұз кептеліп қалған кезде де динамиттердің көмегімен оны қопарып отырамыз. Бұдан бөлек, Есіл өзенінің бойында жіңішке аймақтарда судың ағысын неғұрлым жылдамдату үшін өзеннің арнасы ұлғайтылып, айналма су арналары қазылып жатыр.