Жетісу облысы Алакөл ауданы Достық ауылының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова 50 үздік креаторлардың қатарында TikTok-тың беделді Discover List-2025 тізіміне енді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Discover List – бұл көрерменді шабыттандырып, түрлі тренд жасап жүрген, әлемнің әр түкпіріндегі түрлі мазмұндағы контент авторларына арналған TikTok жобасы. Ботагөз Омарова осы тізімдегі "Оқытушылар" санаты бойынша ерекшеленіп, білім беру мазмұнын дамытуға қосқан үлесі үшін бағаланды.
20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар ұстаз 3 жыл бұрын TikTok әлеуметтік желісінде жеке парақшасын жүргізе бастаған. Осылайша, сабақ беру процесіндегі әдістемелері мен оқытуға стандартты емес көзқарасы аудиторияның назарын аударған. Қысқа бейнероликтерде Ботагөз тіл мен әдебиетті креативті тәсіл арқылы үйренуді ұсынады. Желі пайдаланушылары педагогтен тек сабақтағы ережелерді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар мәдениетті, таза сөйлеуге және тілдің ерекшеліктерін оңай түсінуге болатынын жазған.
"Мен тілді үйрену – ережелерді есте сақтау емес, қызықты процесс екенін көрсеткім келді", – дейді педагогтің өзі.
Қазақстанда TikTok платформасы танымал және оны білім беру саласының мамандары белсенді пайдаланады. Мәселен, оқытушыларды қолдайтын бірқатар жобалар, соның ішінде #ұстаздар хэштегімен байқаулар да өткізіліп келеді. Мұндай жобаға 2023 жылы Ботагөз Омарова да қатысып, жеңімпаз атанған. Бұл байқау ұстаздарды пәндік білім алудың тартымдылығын арттыру үшін контентті қызықты етіп ұсынуға, түрлі тәжірибелер жасауға шабыттандырады.
Бүгінгі таңда Ботагөз Омарованың TikTok-тағы жеке парақшасында 160 мыңнан астам жазылушы бар және ол одан да көп аудиторияны тарта отырып, тікелей эфирде тегін сабақтар өткізіп келеді. Оның танымалдығы – көпжылдық еңбектің, өз кәсібіне деген адалдықтың және білім беруді барлығына қолжетімді және қызықты етуге деген ұмтылыстың нәтижесі.