Ақмола облысында тұрғынға қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 наурызда Көкшетау қаласының полиция басқармасына Ескі әуежай ауданында белгісіз біреу ер адамға шабуыл жасап, дене жарақатын салып, 250 мың теңге ұрлағаны туралы шағым түскен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтаған. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, Көкшетау қаласының 31 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция басқармасы осы дерек бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.
ІІМ мәліметінше, мұндай жағдайға тап болмау үшін қарапайым, бірақ өте тиімді қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
"Алдымен қауіпсіз маршруттарды таңдаған жөн. Қараңғы және адам жүрмейтін аула мен көшелерде жүрмеңіз. Бағалы заттар мен қолма-қол ақшаны көрсетуге болмайды. Егер біреу тым жақын келсе немесе күдікті болып көрінсе, бағытыңызды өзгертіп, дүкенге кіріп немесе көмек сұрап көріңіз", - деді полиция.